NIS Ақтөбе биология мұғалімі «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты жас мұғалімдер форумынына қатысты

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады. Форумға Ақтөбедегі Зияткерлік мектептен биология пәні мұғалімі Райымбек Тұрсынбаев қатысты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды. Қазір мұғалімдердің заман талабына сай болуы бұрынғыдан да маңызды. Мұғалім – қашанда сұранысқа ие мамандық, сондықтан оның даму траекториясы жеке, бірақ әрқашан әлемдік білім беру тенденцияларына сай болуы керек.

Ақтөбелік ұстаз Райымбек Тұрсынбаевтың айтуынша кеш қонақтарынан өте мықты мотивация алған.

– Мен қазақ тілінде Youtube каналын ашқан болатынмен, енді оны әрі қарай дамытып жүргізуіме Рауан Кенжеханұлы тікелей себеп болып отыр. Оның қазақ тілі мәртебесін көтеру мақсатында Google компаниясының қажетті талаптарын орындап, кейін «Google аудару» қызметінде қазақ тілі таңдамасы пайда болуына мұрындық болғаны мені одан әрі ізденуге ынталандыруда, – деді жас маман.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды. – Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

TEDTalk-те форумға қатысушылар шақырылған спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды, жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі.

«WikiBilim» қоғамдық қорының негізін қалаушы және басшысы, сұранысқа ие Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры, интернеттің қазақтілді сегментін өзгерткен Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде «Мұғалім әрбір адам үшін ата-анадан кейін өте маңызды тұлға, ал мектеп – әр елдегі ең маңызды институт» екенін атап өтті.

Танымал актер, отандық және шетелдік блокбастерлердің басты кейіпкері, «Параолимпиец» және «Нулевой пациент» фильмдеріндегі рөлдерімен танылған Асқар Ілиясов ұстаздарды оқушыдан алшақ тұратын қатал ересек емес, баламен әркез бала болуға шықырды.

Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді. Жаңа буын мұғалімдері Асхат Қанатұлына философиялық, мемлекеттік ауқымдағы және өзіне тән – жеке лайфхактардан бастап әдеби талғамға ұласқан сауалдар жолдады.

Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

 

Орталық online.cpm.kz платформасында «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын дайындады. Жаңа ресурс әртүрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктірді: мұғалімнің құндылықтары мен көзқарастары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да танымал басымдықтар. Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады.

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.