Бүгін Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі білім берудің жаңа биіктеріне аттанды. «NIS AIR AKTOBE» әуе кемесінің бас пилоты – Қайырбек Буксукбаев алғы сөзбен білім күніне арналған салтанатты шараны бастады:
Сіздерді біздің білім беру рейсінде қарсы алғаныма қуаныштымын! Біз талантты ұстаздарымызбен бірге сізді білім көкжиегінен өткізіп, шығармашылық пен дамудың жаңа қалаларын ашамыз. Сіздердің әрқайсыларыңыз біздің академиялық отбасымызға құнды үлестерін қосатын бірегей жолаушы екеніне сенімдімін!
Жаңа оқу жылында Зияткерлік мектеп ұстаздармен, ұйымдастырушы-педагог – кураторлармен, тәрбиешілермен толықты. Жаңадан қосылған экипаж мүшелеріне мектеп директоры NIS жол паспортарын ұсынды.
Салтанатты шарада өткен жылдың қорытындылары белгілі болды. Мектептің жетпіс алты талантты түлектерінің жетпіс төрті грант иегерлері атанды. Биылғы түлектер Әлішер Еркебаев физика бойынша Токиода өткен IphO-2023 халықаралық олимпиадасында екінші орынға ие болса, Санжар Хамитов Индонезияда өткен IGeO-2023 халықаралық география олимпиадасында топ жарды. Жеңімпаздар легін оныншы сынып оқушылары Максим Косов пен Даир Сырлыбаев жалғастырды. Олар әзірлеген «Ақылды қалтқылар» жобасы «World Robot Olimpiad – 2023» республикалық ұлттық чемпионатында үшінші орынға лайық деп танылды.
Жиынның сәнін келтірген Нұршашулық бишілер бір мезетте «NIS AIR AKTOBE» әуе кемесінің бортсеріктеріне айналды. Өнерпаз өрендер «Азат ел» әнін шырқаса, Зияткерлер әуе кемесінің авиабилеттеріне ие болған жетінші сынып оқушылары да алғаш рет салтанатты саптамада өз өнерлерін көрсетті.
Алғашқы қоңырау соғу мәртебесі «Өркен» білім беру гранты байқауында ең жоғары балл жинаған Төребек Әлібекке және 12 сынып оқушысы, студенттік өзін-өзі басқару ұйымының президенті Әсия Бралинаға берілді.
Алғашқы қоңырау үні жаңа заңғарлардың белгісі болсын!