Математикалық шайқас

Математикалық шайқас ұйымдастырушылар арнайы жасаған IQanat платформасында өтеді. Қатысушылар тіркеліп, бір-бірімен жарысады. Оқушы сұрақтарға неғұрлым жылдам және дұрыс жауап берсе, соғұрлым оның ұпайы көп болады. Нәтижелер ойын толық аяқталғаннан кейін экран бетіне шығады.Математикалық шайқас бес раундтан тұрады. Әр турда жауап беруге екі минут беріледі.

Шайқастағы тапсырмалар кездейсоқ таңдалады. Раундтардың бірінің басында кері санақ басталады, содан кейін ойыншыларға бес мүмкін жауаптары бар сұрақ көрсетіледі. Барлық ойыншылар қойылған сұраққа жауапты таңдамайынша, қарсыластың жауаптарын көрмейді. Дұрыс жауап жасыл түспен жанады. Математикалық шайқаста жеңімпазды барлық бес раундта жинаған ұпайлары бойынша анықтауға болады.

Бұл ойынның «Дуэль» және «Командалық жекпе-жек» атты екі түрі бар, бірақ Хакатон аясында оқушылар тек «Дуэль» ойынын ойнайды. Хакатонның соңында әр Зияткерлік мектепте ең көп ұпай жинаған үш студентті марапаттайды. Ақтөбе хакатонында Әйтеке би ауданынан келген Ақылбек Мұхамеджан көш бастап тұр.

– Маған математикалық шайқас ұнап жатыр, себебі есеп шығару, тез шешім қабылдау сияқты дағдыларымызды дамытып жатыр. Есептер өзіміздің деңгейімізде және жасымызға арналған, мен үшін қиын емес. Екі күннің нәтижесінде мен үздік болып тұрмын, – дейді Ақылбек.