«Ізгілік» балынан түскен қаражатқа «Ten Qogam» орталығына техника алынды⁣⁣

Бүгін Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы «Ten Qogam» орталығына сыйлықтар тарту етті. Жуырда өткен «Ізгілік» қайырымдылық балынан түскен қаражатқа орталықтың сұратқан моноблок, түсті принтер және тағы да басқа керек жарақтары алынды. Зияткерлермен бірге орталыққа сыйлықтарды табыстауға қайырымдылық шарасына белсене қатысқан өңірдегі белгілі де білгір азаматтар барды.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Бал барысында өткен аукционда зияткер оқушылардың жұмыстары сатылды, барлығы 1146520 теңге жиналды. Аталған орталыққа Зияткерлік мектеп белсенді қолдау көрсетеді. NIS қауымдастығы әрдайым мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесуді, оларға лайықты өмірлік жағдайлар жасау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қол жетімдіктерін ұйымдастыру, мүгедектерді қоғамға ықпалдастыру үшін жағдай жасауды көздейді.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

– Бүгінгі сыйлықтар Зияткерлер тарапынан келген алғашқы емес, кезекті деп айта аламын. Осыған дейінгі сыйлағандарыңызды күнбе күн қолданып жүрміз. Қаражат жиналып, бал ұйымдастырылып жатқаны – ілтипат,⠀ал арғы жағында қаншама тәрбие жатыр. NIS Ақтөбе өткізген балға барып, мәдениетті шараның куәсі болып қайттық. Оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар қаз-қатар тұрып, сондай әдемі биледі. Барша қатысқан жандарға алғысымызды білдіреміз, – деді «Ten Qogam» орталығы директорының міңдетін атқарушы Гульмирам Сражова.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

«Ten Qogam» орталығы мүгедектерге қызығушылық сабақтарына, тренингтерге және шеберлік сабақтарына қатысу арқылы белгілі бір еңбек, тұрмыстық, қоғамдық дағдыларды меңгеру және бекіту бойынша ауқымды жұмыс жүргізеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірде өзін таба алмайтыны күмәнданатыны шындық. Сондықтан бүгінде бұл орталықтың қызметі уақыт талабына сай екені сөзсіз, олар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар барлық сұрақтарына жауап алып, өздеріне ұнайтын нәрсені таба алады.⁣⁣