III желілік спартакиаданың үздік трансляциясы

Жақсы футбол комментаторы болу үшін ойынды түсіну және көрермендерге болып жатқан жағдайды айту жеткіліксіз. Олар ойын алаңындағы үздік сәттерді тыңдарман құлағына жеткізіп, назарын аудара білуі қажет.

Ақтөбеде де ойын сәттерін дұрыс талдай білген комментаторлар ерекше көзге түсті. Зияткерлік мектептің биология пәні мұғалімі Райымбек Тұрсынбаев пен 9-сынып оқушысы Мирас Қалдыбаев футболдың нағыз жанкүйерлері екенін білдіріп, жұптаса жақсы жұмыс көрсетті. Райымбек ұстаз ойынды талдауға Мирастан үйренерім көп дейді.

– Негізі мен футболды бала кезімнен жақсы көремін. 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатын алғаш рет көріп, бірде-бір матчты жіберіп алмағаным есімде. Ресейдің белгілі комментаторы Владимир Стогниенконы тоқтаусыз тыңдадым, тіпті оның орнында болуды армандадым. Матчтар туралы пікір айту өте қиын болды, бірақ мен бала күнгі арманымды орындағаныма және Спартакиаданы өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын, – деп мойындады Ақтөбедегі NIS 9-сынып оқушысы Мирас.

Үш күнге созылған ойын NIS мұғалімдері мен оқушылары қаншалықты әмбебап бола алатындығын көрсетті.