Гиннесс кітабына арналған қазақстандық рекорд NIS-те орнады

Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте биылғы оқу жылы айтулы және көптен күткен оқиға – домбыра сабағымен аяқталды, оны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр. Қазақ халқының басты музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы ойнады.

Ең ауқымды домбыра сабағына ақтөбелік зияткерлер де қосылды. Ақтөбедегі сабақ күй шежіресі, оның ішінде батыс өңірінен шыққан төре күйші Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйіне арналды. Зияткер оқушылар Дәулеткерейдің «Көроғлы», Төлеген Момбековтың «Салтанат», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйлерін шебер орындады.
Жиналған қауымға 12-сынып оқушысы Бағжан Нұрланұлы «Көроғлы» күйін «STEAM» технологиясын қолдану арқылы орындап үйретті. Бағжан компьютер арқылы күйге укулеле және барабан аспаптарының үнін қосып өңдеді.
Күйдің құдіреті шексіз, күй – өнер адамдарына шабыт сыйлайтыны белгілі. Осы орайда домбыра сабағына арнайы жас суретші, 7-сынып оқушысы Қырымбек Үмбетырза шақырылды. Қырымбек сабақ соңында күй әуенінен алған әсерін сурет арқылы бейнелеп жеткізді.
Бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындауы әлемдегі тұңғыш оқиға. Қазақстандық рекорд аса көрнекті жетістіктер мен бірегей құбылыстар туралы жаһандық анықтамалыққа енгізіледі деп жоспарлануда.
Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар, барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді, домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр.
Бүгін барлық Зияткерлік мектептердегі оқу жылы домбыра сабағымен аяқталды.