Ақтөбе, Көкшетау, Тараз және Алматы қалаларының Зияткерлік мектептерінде футзалдан желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі өз мәресіне жетті. Зияткер ұлдар мен қыздар арасындағы дәстүрлі турнир биыл үшінші рет жалауын желбіретті. Төрт қалада өткен турнирде барлығы 344 оқушы қатысып, 43 команда бақ сынасты.⠀
Ақтөбе қаласындағы NIS ұйымдастырған сайысқа Орал, Атырау, Қостанай, Ақтау, Ақтөбе қалаларының спортшылары қатысқан болатын.
⠀
Спорттық ойынның нәтижесі бойынша ұлдар арасында алтын медаль қостанайлықтарға, қүміс медаль Ақтөбе футболшыларына, ал қола жүлде Оралдың физика-математикалық бағыттағы мектебіне бұйырды. Қыздар арасында Ақжайықтың сұлулары іздеріне шаң ілестірмей жүлделі І орынды, күміс медальді бар күш-жігерлерін салып Ақтөбенің мектебі, ІІІ орынды Қостанайдан келген зияткерлер қанжығалады.⠀
Жарыста қызықты ойын өрнегін көрсетіп, әділ-қазыларының шешімімен қостанайлық қос спортшы Мейрам Сармурзин мен Сағира Идрикова – «Үздік ойыншы» атағын иеленді. Ақтөбелік Имран Садакбаев пен атыраулық Ақбота Аймагамбет «Үздік шабуылшы», оралдық Толқын Мергалиева мен Мерлан Шигербаев «Үздік қақпашы», ақтаулық Алтынай Зайр мен атыраулық Алпамыс Асқарұлы «Үздік қорғаушы» атанды.
Футзалдан IIІ Желілік спартакиаданың аймақтық кезеңінде бірінші және екінші орынға ие болған командалар Нұр-сұлтан қаласына мамыр айында өтетін ақтық сайысқа жолдама алды.