Күтпеген сұрақтар, ерекше жауаптар, қызықты тақырыптар және бейресми қарым-қатынас – Ақтөбе NIS-те «Ересектерге 100 сұрақ» жобасының кезекті кездесуі осылай өтті. Кітапханада оқушылар мен оқытушылар және шақырылған қонақ – Ақтөбе гидрогеологиялық экспедициясының бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы өндірістік геологиялық ұйымдары бірлестіктерінің директоры Азамат Дүшекенов бас қосты.
– Шақырылған қонақ зияткерлерге мықты мотивация берді. Адамның өз мүмкіндігін пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ даму жобаларын жасап, елге инвестиция тарту қажеттігін айтты. Туристік бизнес тақырыбы қозғалып, Азамат Байтілеуұлы оқушыларды сол бағытты дамытуға шақырды, – деді педагог-ұйымдастырушы-куратор Татьяна Сұлтанғалиева.
Азамат Дүшекеновтің есімі Қазақ КСР-нің алтын Құрмет кітабына және Запказгеология ПГО-ның Еңбек Даңқы кітабына енгізілген. Сондай-ақ ол Халықаралық минералдық ресурстар академиясының академигі, «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Қызмет көрсету саласындағы жылдың үздік кәсіпкері – 2006» және «Ақтөбе облысының жыл адамы – 2004» атақтарымен марапатталды. «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін», «Кәсібіне адалдығы үшін», «Пайдалы қазбаларды барлаудағы сіңірген еңбегі үшін» медальдарының иегері.