Екі жақты меморандумға қол қойылды

Бүгін Жұбанов университетінің Басқарма мүшесі, стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дастан Хусаинов бастаған бір топ делегация Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сауле Умербекованың арнайы қабылдауында болды. Ортақ меморандумға қол қойылып, болашақта атқарылатын жаңа жобалар талқыланды.

Сауле Умербекова өз сөзінде зияткерлердің қытай тіліне деген қызығушылықтарын алға тартып, Жұбанов университетінің Конфуций институты NIS-те қытай тілі курстарын ұйымдастырса, екі жақты әріптестік қарым-қатынастың жаңа беталыс алатынына сенім білдірді.

Дастан Хусаинов университеттің халықаралық байланыстары туралы сөз қозғады. Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қолдауымен қытай, корей, түрік, ағылшын тілдері курстары өткізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар мектеп қонақтары «Дүниежүзілік Конфуций институттары күніне» орай мәдени-танымдық шара өткізді. Іс-шарада мектеп оқушылары қытай каллиграфиясымен, қағаз кесу өнерімен, Пекин операсының бетперделерін бояу мен қытайлық шәй рәсімін тамашалап, дәстүрлі қытай шәйінен дәм тата алды. Ұйымдастырушылар музыкалық аспап гудженьде де ойнап көрсетті.