Ақтөбелік зияткерлер қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мобильді қосымша жасап шығарды. «EcoAlarm» бағдарламасы еліміз бойынша экологиялық қауіпті жерлерді анықтайды. Кез келген қолданушы өзі тұрып жатқан өңірдің ахуалы жайында ақпарат таратып, қоршаған ортаны жақсартуға септігін тигізе алады. Жобаны жасаған ✔️Камила Жақсылық пен ✔️Лейла Журунтаева бұл мобильді қосымшаға авторлық құқық алды.
⁃ «EcoAlarm» қосымшасы карта, аймақ, экологиялық ұйымдар және іс-шаралар деген 4 бөлімнен тұрады. Мәселен, қолданушы карта бөліміне өз өңірінің экологиялық мәселесін енгізіп, сурет және ақпарат жүктей алады. Ал аймақ бөлімінде экологиялық қауіпті аудандар туралы мәлімет бар, біз бұл үшін арнайы зерттеу жүргіздік. Сонымен қатар, қоршаған ортаға қатысты мәселелерді шешетін қазақстандық ұйымдарды да мобильді қосымшаға кіріктірдік. Енді іс-шаралар бөлімін іске қосып, экологиялық мәселелерді көтеретін жиындар туралы ақпарат беруді көздейміз, – дейді жоба авторының бірі Камила Жақсылық.
⠀Зияткерлер жоба барысында қоршаған орта мәселесін жіті зерттеп, нашар экология салдарынан адамдардың түрлі ауруға шалдығатынын алға тартады. Олар мобильді қосымшаның көмегімен экологиялық сауаттылықты арттыруға болады дейді. Бірнеше ай ішінде жасақталған бағдарлама IT саласындағы Technovation халықаралық байқауына ұсынылған, сондай-ақ республикалық КҒА-ның жүлделі I орнын иеленген. Жоба жетекшісі ✔️Ляззат Қабақбаеваның сөзінше оқушылар жаһандық мәселелерді шешуге ат салысып қана қоймай, технологиялық мүмкіндіктерді игерді.
⁃ Қыздардың IT саласына қызығушылығы жоғары, олар «Java» бағдарламалау тілімен танысты, теориялық материалдар жинап, сауалнама жүргізді. Үлкен еңбек пен ізденістің арқасында жасалған қосышамыз сәтті шықты деп айта аламын. Алдағы уақытта да көптеген жобаларды іске асыру жоспарда тұр, – деп бөлісті жоба жетекшісі Ляззат Қабақбаева.