Домбыра үні асқақтаған күн

Зияткер оқушыларға «Күй-шежіре» сайысы ұйымдастырылды. Сайыстың басты шарты бойынша балалар интерактивті тақтада берілген кез келген санды таңдап, түскен күйдің атауын тауып, шығу тарихын баяндады. Ал «Күй battle» сайысында оқушылардың күйлерді шебер орындауы сынға түсті.

«Күй-шежіре» сайысында Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Құрманғазының «Адай», «Қайран шешем», Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйлері жасырылды. Оқушылар көп күйлердің тарихын білетін болып шықты.

Күй тартысқа қатысқан Зияткерлер Милана Базарова, Мерей Сағадатұлы, Алина Алиева, Ескендір Теміртаев пен Дегдар Жеңісұлы «Адай», «Балбырауын», «Әлқисса» күйлерін шебер орындады. Шараға жиналған мектеп қауымдастығы мүшелері сұраған әрбір күйді жас күйшілер бірі бастап, екіншісі жалғастыра алып кете алды. Екі сайыста да қатысушыларға тәтті сыйлықтар берілді.

– Домбыра тартып отырып, өзімнің алғаш қолыма домбыра ұстатып, өнерге баулыған марқұм Сағын ағайым есіме түсті, – деді толқыған 9-сынып оқушысы Мерей.

Зияткерлік шараға қатысқан оқушылар 1-2 күйден ғана мүдірді, қалғандарының шығу тарихын біледі екен, толқып жауап берді. Шараға ұлттық өнерге жақын, домбыраның құлағында ойнайтын оқушылардың біразы қатысты.Сайыстың ұйымдастырушы Бақытгүл Абдирова төл мәдениетімізді көбірек насихаттау арқылы оқушы бойына ұлттық құндылықтарды дарыта алатынымызды айтты.

– «Салтанат» күйінің шығу тарихына дейін біледі екен. Білімді, өнерлі, домбыраның құлағында ойнайтын, төл дәстүрімізден де хабары мол оқушылардың көп болғаны көңілге қуаныш ұялатады. – деді қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Бақытгүл Абдирова.