Бестамақ орта мектебі Ақтөбе облысындағы тірек мектепке айналды

Ақтөбе облысының Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша тірек мектеп болып бекітілді.

Ауқымды жұмыс Зияткерлік және Бестамақ орта мектептері директорлары Сәуре Өмірбекова мен Анара Истегулованың кездесуінен басталды.

Бір апта ішінде NIS мұғалімдері бүкіл педагогикалық ұжымға ашық сабақтар, семинарлар, шеберлік сабақтар мен тренингтер өткізді.

Зияткерлік мектеп қабырғасында Бестамақ мұғалімдері жаратылыстану-математика және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, география, тарих, өнер, дене шынықтыру, робототехника және информатика пәндері бойынша дәрістерге қатысып, кітапхана мен үйірмелердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ NIS оқытушылары оқу процесінде тік және көлденең жоспарлауды ұйымдастырудың тәсілдерін көрсетті.

– Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ жоспарлаудағы зерттеушілікке мән беруі, қалай, қай бағытта даму керектігін анықтауы ұнады. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе алмасу, – деп бөлісті Бестамақ орта мектебінің тарихшысы Роза Дүйсенбаева.

«Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын NIS «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» және «Қазақстан халқы» қорымен бірлесіп жүзеге асыруда.