«Берік отбасы» жобасы жүзеге асуда

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ауқымды жобалардың бірі «Берік отбасы» жобасы жүргізілуде.

⁣⠀ ⁣⁣⠀

Жоба мақсаты – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтарға – отбасы құндылығын сақтауға, ата-аналарға/қамқоршыларға балаларына қолдау көрсете білуді, күн тәртібін бұзбай, бала тәрбиесімен айналысуға икемдеу. Сонымен қатар жоба балалардың болашаққа деген сенімін арттырып, олардың ата-анасымен жақсы қарым-қатынас орнатуын көздейді, жасөспірімдерді күйзеліспен күресуге және құрдастары тарапынан болатын қысымды жеңіп шығуға тәрбиелейді.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Жеті бөлімнен тұратын жоба «Махаббат пен шектеу», «Отбасы құндылықтары және тәртіп», «Отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыру», «Жақсы тәртібі үшін ынталандыру», «Күйзелісті басқару» тақырыптары бойынша өрбуде.

Жобаны мектеп психологтары жүзеге асыруда. Бағдарламаның негізгі басты кейіпкерлері Зияткерлік мектептің жетінші сынып оқушылары және олардың ата-аналары. Жобаға қатысушы ата-аналар зор алғыстарын білдіріп, балаларға мұндай мейірімді көзқарасты педагог тарапынан бірінші рет көріп отырғанын жасырмады.

⠀ ⁣⁣⠀

– Мектептегі «Берік отбасы» бағдарламасына қатысып, өте жағымды эмоциялар алдық. Біріншіден, мектеп психологының тақырыптарды ашып, талдауы, сұрақтарға жауап беруі және белгілі бір жағдайда баламен қалай қарым-қатынас жасау керектігін түсіндіруі ұнады. Оның нағыз білікті маман екендігіне көзім жетті. Екіншіден, бағдарламаға дайындық, брошюралар, бейнематериалдар, барлық ата-аналарға жасалған жағдай көңілімнен шықты. Үшіншіден, біз келгеннен-ақ өзіміз және балаларымыз туралы көп нәрсе білдік және келесі кездесуге дейін өз алдымызға міндеттер қойдық, ата-аналарға үй тапсырмасы берілгендей. Төртіншіден, бұл жоба арқылы барлық ата-аналар, балалар және сынып жетекшісі бір команда болып, жұмыс істеп, ауызбіршілігіміз артты, – деп бөлісті 7-сынып ата-анасы Бауыржан Сарсенгалиев.