БАҚ қызметкерлері Ақтөбедегі NIS-те⁣⁣⠀

28 маусым – «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің» күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақ журналистеріне құрмет көрсетілді. Тілшілерді мектеп арт-студиясында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ильсияр Казакова жылы қарсы алып, шеберлік сағатын жүргізді.
⁣⁣⠀
– Мерекеге орай сіздер ұйымдастырған мастер класс өте керемет өтті. Күнделікті күйбеңнен, жұмыстан, телефоннан бір уақыт алыстап демалып қалдық. Кәдімгідей релакс болды. 24/7 жұмыс жасайтын біздер үшін рухани демалыстан артығы жоқ. Үлкен рахмет! – дейді «Керек.info» қоғамдық-ақпараттық газетінің тілшісі Арайлым Қасым.
⁣⁣⠀
Журналистерге ең әуелі мектеп ғимаратының ішіне экскурсия ұйымдастырылды. Олар мектептің жабдықталуымен, техникалық базасымен, өзге де мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты. Кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдерін қызу жұмыстарынан, ақпарат ағынан бір сәтке болса да тынықтыру мақсатында қызықты шаралар ұйымдастырылды. Олар осы кеште сурет салып, нағыз сурет маманынан шеберлік сағат алды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Мектеп директорының орынбасары Айгүл Асанова келген қонақтарды құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады. «Хабар» агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Мансур Ескожин бұл кеште «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрайымы Күләш Шамшидиновадан алғыс хатқа ие болды.
Осылайша, бір топ тілшілер төл мерекелері қарсаңында қылқаламмен сурет салып бір серпіліп қалды.