Аружан Қазбекова – Елбасы медалінің иегері

Ақтөбедегі NIS оқушысы Аружан Қазбекова «Елбасы Медалі» бағдарламасына қатысып, қола медаль иегері атанды. Жарты жыл бойы қатысуды талап еткен бұл жоба Аружанның жаңа қырларын ашып, өміріне оң нәтиже берген.

Аружан «Елбасы Медалі» бағдарламасында берілген нұсқаулықтар тайм-менеджментке, таланттарды дамытуға, кітап оқуға, өзгеге қамқор болуға бағытталғанын айтады. Ол көшбасшылық қасиеттері пайда болып, еріктілер қатарына қосылып, өмірінде алғаш рет жануарларға арналған баспанаға барып көмектескенін мойындады.

Жоба барысында уақытымды тиімді қолданып, тамақ пісіріп, сабақ беріп те көрдім, жана достар таптым. Себебі ақтөбелік қатысушылар жиі жиналып, тәлімгеріміз пайдалы кездесулер ұйымдастыратын. Сонымен қатар бағдарламаның «Ұлттық мұра» бөлімінде ешқашан естіп көрмеген кітаптар берілді, соларды оқып қазақ әдебиетіне саяхат жасадым, –  деді 12-сынып оқушысы Аружан Қазбекова.

Бағдарламаның негізгі шартының бірі – байқау қатысушылары 14 пен 29 жас аралығында болуы тиіс. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» медальдар бағыттарын таңдау керек. Содан кейін қатысушы арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауына сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын бастайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарламаға қатыса алады. «Елбасы медалі» жобасында әрбір қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін бес бағыт ұсынылған: «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік». Бағдарламаны әзірлеуде үздік әлемдік тәжірибелер қолданылған. Зияткердің айтуынша олар осы салалар бойынша апта сайын тапсырмалар орындап, сайтқа жүктеп отырған.

Жеңімпаздарды марапаттау шарасы Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында өтті.