Арман Жалғасбаевты мектеп директоры Да Винчиге теңеді

NIS Ақтөбе он екінші сынып оқушысы Арман Жалғасбаевтың жеке көрмесі ұйымдастырылды.

Арманның көпшілік назарына ұсынылған туындылары қарындашпен, қаламмен бейнеленген. Жас суретші графикалық шығармаларды өз бетімен орындауға бейімделген. Оқушы Зияткерлік мектепке дейін көркемсурет үйірмесіне қатысқаның жасырмады. Қазір сурет салу – оның хоббиіне айналған.
– Арманның жұмыстарынан оның көп еңбектенгені көрініп тұр. Суреттері кәсіби деңгейде салынған. Бұл оқушының жұмыстарында маған ұнайтыны – жарты жолда тастап кетпей, әр туындысын толық аяқтауы. Талантынды дамытып, сурет салуды тоқтатпа, осы бетіңнен тайма! – деді Зияткерлік мектеп арт-студиясының жетекшісі Ильсуяр Казакова.
Көрмеге он екінші сынып оқушылары, Арманның анасы мен кураторы, мектеп директоры және ұстаздар қауымы қатысты.
– Баламның талантын байқап, оны қолдап, көрме ұйымдастырып жатқандарыңызға рахмет! Өнерлі оқушыларыңыз көп болсын! – деп Арманның анасы Динара Токтоматова мектеп ұжымына алғысын жаудырды.
Мектеп директоры Сауле Умербекова да өз кезегінде Динара ханымға жылы лебізін білдірді. Директор Арманды Леонардо да Винчиге теңеді. Өйткені Итальяндық суретші әрі математик, әрі инженер, әрі сәулетші. Арман Жалғасбаев та мектеп қауымдастығына ең алдымен ғылыми-инновациялық жобаларымен танылды. «Ақылды маска» ойлап тауып, ол үшін авторлық құқыққа ие болды. Бұл өнертабысы халықаралық жарыста I орынға лайық деп танылып, оқушыға 300$ көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Арман достарымен бірігіп, шалғайдағы елді мекендерде су тапшылығы мәселесін зерттеп, оның шешімін табатын «AquaPAC» құрылғысын жасап шығарды. Сонымен қатар Зияткер оқушы құстарды қорғауға бағытталған «Omen Flight» жобасы үшін Samsung ұйымдастырған сайыста сыйақы алды. Аталған жобалардың барлығына авторлық куәліктерге ие болды.
Зияткерлер Арманның білім мен ғылым жолында жеткен жетістіктерінен таниды да, оның сурет салатының біле бермейді екен. Ал жатақханада, бір бөлмеде тұратын сыныптасы Бақытжан Әкімжанов Арманды сабағын оқып болған соң, түн ішінде сурет салатының айтты.
– Мен Арманның қабілеттеріне таң қаламым. Себебі ол мүмкіндігінше өнімді өмір сүреді, бірақ сонымен бірге шаршамайды. Шығармашылықпен қатар техникалық біліктілікті қажет ететін ғылыми жобалармен айналысады. Армандай досым барын мақтан тұтамын. Ол мені жетістікке жетуге ынталандырады, – деп ағынан жарылды Арманның жан досы Махамбет Алдабергенов.