Ақтөбелік Зияткерлерге білім аттестаттары табысталды

Ақтөбедегі NIS түлектеріне білім аттестаттары табысталды. 6 жыл бұрын жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған Зияткер ұл-қыздарымыз бүгінде ойы толып, қолдарына аттестаттарын алып, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұр.

Осы жылы мектеппен қоштасатын 158 түлектің үшеуі – «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанса, ал жетеуі – «Үздік аттестатқа» лайық деп танылды.

Мектеп директоры Сәуле Өмірбекова білімді, өнерлі, спортқа бейім, белсенді түлектердің есімдерін қалың көпшілік алдында атап өтті. Сонымен қоса, республикалық олимпиада жеңімпаздары Болат Сұңқар және Мурзагалиева Алинаның ата-анасына Білім және ғылым министрілігінен алғыс хаттарды табыстады. Мектептің оқу процесіне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарға ат салысқаны үшін бірқатар ата-аналар да марапат төрінен табылды.

Бірнеше жыл ата-аналар комитетінің белсенді төрағасы болған Айшуақ Дәрменұлы сөз алып, ұстаздарға деген ыстық ықыласын, жылы лебізін жеткізіп құттықтады. Ата-аналардан мюзикл мен ән шашу, би флешмобы кешті одан сайын жандандырып жіберді.

Мақтан етер түлегіміз Гүлназ Аманжолова Зияткерлік мектепке деген жүрек жарды тілегін әсерлі сөз өрімдерімен жеткізді.Олар өз алғыстарын әсем ән мен көңілді бимен жеткізді. Түлектер ұстаздарына гүл шоқтарын табыстады.
Махаббаттарын әнмен жеткізген кураторлар жиналған жұртты таңқалдырды. Олар түлектерге мағыналы «Бозторғайым» әнін шырқап, ақ жол тіледі.
Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан… демекші, түлектер үшін жасалған «Ыстық ұям,NIS» тілектер қабырғасына әр зияткер түлек кезекпен кезек барып, арман-тілектерін жазып қалдырды. Осылайша, кезекті түлектер легі де қызыққа толы мектеп өмірімен қоштасты.

Құрметті, «Зияткер-2022» жолдарыңыз ашық болсын! Сәт сапар!