Ақтөбелік Зияткерлер зағип жандарға арналған пернетақта үшін Мексикада күміс медаль жеңіп алды

Ақтөбедегі НЗМ 10-сынып оқушылары Жаннұр Әйіп пен Данияр Чутенев Expo Sciences Mexico халықаралық виртуалды олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Expo Sciences Mexico халықаралық олимпиадасына әлемнің 17 елінен барлығы 61 команда қатысты. «Компьютер және робототехника» номинациясы бойынша Жаннұр мен Данияр екінші орынға иеленді. Олар олимпиадада нашар көретін және зағип жандарға арналған пернетақта – Braille Board жобасын ұсынды. Оқушылар жобаны бір жыл көлемінде жетілдіруде.

Оныншы сынып оқушысы өзі жасаған құрылғы туралы айтып берді.

– Біздің құрылғы Брайль шрифтінде таңбалар мен әріптерді құруға арналған алты батырмадан тұрады. Осы алты батырманы басу арқылы компьютерге әріптерді немесе таңбаларды енгізуге болады. Біз өз бетімізше қажетті тақталарды жасадық: схемаларды сыздық, тазалап, дайындадық, содан кейін біз қажетті элементтерді егжей-тегжейлі, дәнекерледік. Осылайша біз қазіргі жобамызға ие болдық. Болашақта патент алуды жоспарлап отырмыз, өйткені ол шынымен де бірегей жоба, – деп түсіндірді Жаннұр Әйіп.
Мектеп оқушылары жасаған пернетақта көлемі шағын – ол сіздің алақаныңызға сыйып кетеді. Онда пайдаланушыға кедергі келтіретін немесе алаңдататын қажетсіз мәліметтер жоқ. Жаннұр мен Данияр Ақтөбе қалалық Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада пернетақтаны сынақтан өткізді.

– Апта бойы кітапханашы Мақсат біздің құрылғыны пайдаланып, кері байланыс берді. Ең таңғаларлығы, ол біздің пернетақтаны қолына алған бойда онымен ешбір нұсқаусыз, бірден қолдана бастады. Бұл біздің құрылғының Брайль шрифтін білетін адамдарға интуитивті түрде түсінікті екенін білдіреді, бұл бізді қатты қуантты, – деді Жаннұр.

Зияткерлік мектеп оқушысының айтуынша, олардың құрылғысымен бір апта бойы жұмыс істегеннен кейін кітапханашы жобаны жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар берді. Нәтижесінде қолданушы жазғанын сезіне алатын дисплей жасау идеясын пайда болды. Жаннұр серіктесі екеуіне кітапханашының идеясы қатты ұнағанын және олар аз қаржылық шығынмен Брайль дисплейін жасауды ойластырып жатқанын атап өтті.

Мектеп оқушысы Мексикадағы жарыс туралы робототехникадан жетекшісі, информатика мұғалімі Бауыржан Шоқановтан біліп, оған олимпиада туралы ақпарат жіберіп, оған қатысуға кеңес бергенін айтты.

– Екінші орын әділ деп ойлаймын. Біздің жобада жетілдіретін нәрселер бар. Біздің номинация бойынша бірінші орынды Босния және Герцеговинадан келген мектеп оқушылары жеңіп алды, – деп бөлісті Жаннұр.

Олимпиадаға қатысу үшін робототехника бойынша білім, атап айтқанда Arduino электронды құрылғыларын жылдам дамыту үшін цифрлық дизайн платформасын білу қажет болды. Жаннұр бұл дағдыларды USAID қаржыландырған «Инновациялық шешімдер» курстарында жеңіп алған грантының арқасында алды. Данияр мен Жаннұр да 7-сыныптан бастап мектептегі робототехника үйірмесіне де қатысады. Онда олар бастапқыда роботтарды құрастыруды үйренді.

Жаннұр мен Данияр өздерінің пернетақта жобасымен Шымкентте өткен республикалық ғылыми жобалар байқауына да қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды.
Жаннұр өз жобасынан бөлек, басқа мектеп оқушыларымен бірге эпилепсиямен ауыратындарға арналған қосымша әзірлеуде. Олар аурудың барлық белгілерін байқайтын және науқастың дәрменсіздігі мен SOS жағдайында оның туыстарына хабарлама жіберетін қосымша жасағысы келеді. Ол бұл жобаның сәтті болатынына және көптеген адамдарға көмектесетініне сенеді.
– Бала кезімнен ата-анам шынайы күш – білімде деп үйретті, сол үшін оларға алғысым шексіз. Бұл менің білімге, үздіксіз дамуға деген ұмтылысты ашуға көмектесті. Мен өзімді вундеркинд бала немесе жетістіктерім жетерлік деп санамаймын. Менің әлі үйренерім көп. Бірақ менің әрбір жетістігім мені бұдан да көп жұмыс істеуге итермелейді, – деп түйіндеді мектеп оқушысы.

Қазір Жаннұр мен Данияр 10-сыныпта оқиды. Мектептен кейін олар университетке түсіп, технология, информатика және робототехника салаларында дамығысы келеді.