Ақтөбелік зияткерлер волейболдан желілік спартакиада жеңіс тұғырында

Атыраудағы NIS-те өткен волейболдан аймақтық желілік спартакиада ақтөбелік оқушылар үшін сәтті аяқталды. Қыздар командасы І орынды иеленсе, ІІ орын ұлдарға бұйырды. Осылайша NIS Ақтөбе құрама командалары финалдық ойындарға жолдама алды. Атыраудағы Зияткерлік мектепке Батыс өңірлік спортшылар табан тіреген болатын.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

– Бір ойында ғана қарсыластарға есе жібердік, бірақ осы жағдай біздің жеңісімізге септігін тигізді, сол кезде нағыз ұжымдық рухты сезіндім. Бізге еш ойын қиын болмады, себебі дайындығымыз жақсы болды. Бірнеше айлық күнделікті жаттығулардың, тренер қойған мақсат, мотивациясының арқасында ең үздік көрсеткішке жеттік. Енді финалға барамыз, келгеннен жаттығуларға кірісіп кеттік, – дейді жеңімпаз топ мүшесі Жанел Әділғазина.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Атыраудағы NIS оқушылары тек өз тобына емес, қалған барлық өңірге жанкүйер болды. Қазан айында өнер сабақтарында оқушылар алдын ала спартакиадаға келетін әр қаланың аты мен қолдау білдіретін ұран сөздер жазылған плакаттарды өз қолдарымен жазып, дайындалған болатын. Жарыс болған үш күн бойы атыраулық оқушылар Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Орал қалаларының волейболшыларына жанкүйер болып, жеңіске жету жолында қолдау көрсетті.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

– Ойындар өте қызықты, тартысты өтті. Жан-жақтан келген командалар жақсы дайындықпен келгендіктен, бір-біріне осал қарсылас емес. Ақтөбелік команда өкілдері Атырау қаласына жеңіс үшін келдік. Мақсатымыз іске асты. Оған себеп – балаларды тактикалық және моральды психологиялық тұрғыда жақсы дайындадық, – деді ақтөбелік тренер Нұрғали Сарыпбеков.⁣⁣⠀

Ал, ұлдар арасындағы додада Ақтөбе командасы ІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ, әр мектептің үздік өкілдері түрлі номинациялармен марапатталды. Жарыста қызықты ойын өрнегін көрсетіп, әділ-қазыларының шешімімен ақтөбелік спортшы⠀Сабирина Абишева «Үздік үйлестіруші» атанды.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Астана, Атырау, Қызылорда, Өскемен қалаларының Зияткерлік мектептерінде волейболдан желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі өз мәресіне жетті. Зияткерлік мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі турнир биыл төртінші рет жалауын⠀желбіретті. Төрт қалада өткен турнирде барлығы 344 оқушы қатысып, 43 команда бақ сынасты.⁣⁣