Ақтөбе NIS 11- сынып оқушысы Сая Құрманалина Microsoft компаниясы ұйымдастырған Imagine Cup Junior халықаралық байқауында ІІІ орынға ие болды.
Imagine Cup Junior үшінші жыл қатарынан 13 пен 18 жас аралығындағы балаларға технологиялар туралы және оларды жаһандық жарысқа қатысу арқылы әлемдегі ең үлкен мәселелерді шешу үшін қалай пайдалануға болатынын білуге бірегей мүмкіндік береді.
Он бірінші сынып оқушысының айтуынша, бұл сайыста ол жасанды интеллект, машиналық оқыту және киберқауіпсіздік сияқты технологиялар жайлы көптеген жаңа мәліметтер алды.
Бірінші күні жасанды интеллект және деректерді талдау сабақтары өтсе, екінші күні командамен басынан аяғына дейін жеке IT жобасын әзірлеуі керек болды. Оқушылар керемет идеяны ойлап тауып, бизнес-жоспар әзірлегеннен кейін жоба жасап болған соң оны ұсынды. Сондай-ақ Сая жұмыс барысында нарыққа және бәсекеге қабілеттілікке талдау жасалғанын, тіпті қосымшаның этикалық шектеулері құрастырылғанын және жасанды сана негізінде шешім жасалғанын айтты.
– Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін жоба жасау қажет болды. Біз үшінші мақсатты таңдадық – денсаулық пен амандық. Бір күннің ішінде жасөспірім қыздардың тамақтануының бұзылуы мәселесін шешуге бағытталған SYRLAS мобильді қосымшасын ойлап таптық», – дейді Сая.
Статистикаға сүйенсек, 5-19 жас аралығындағы 340 миллион бала артық салмақ немесе семіздікке шалдыққан. Сая мен оның командасындағы қыздар жасаған қолданба қолданушылардың көңіл-күйін талдау және түйінді сөздерді пайдалана отырып, тамаққа эмоционалды тәуелділікті бақылайды. Ол тіпті адамның сөйлегенінен оның эмоционалдық күйіне біліп, қорытынды жасайды.
– Жасанды интеллект туралы берілген материалдар мен жобаның практикалық бөлігіндегі деректерден алған білімімізді қолдана отырып, қосымшаны құра алдық, – дейді NIS он бірінші сынып оқушысы.
Сая Құрманалина Зияткерлік мектепке келгеннен бері көптеген байқаулар мен жарыстардың фавориттерінің қатарында. Түрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болып жүр.
Сая – «TechTogether Miami» халықаралық хакатонының жеңімпазы. LaunchX халықаралық іріктеу бағдарламасының және үміткерлердің өту пайызы 2% құрайтын TechGirls алмасу бағдарламасының финалисті. #STEAMUPKZ UNESCO республикалық байқауының ІІ орын иегері. Сая үш жыл қатарынан MФТИ математикалық олимпиадасында І орын алды. Өткен жылы Физтех пәндер олимпиадасында ІІ орынға ие болды. Ал «Phystech International» халықаралық олимпиадасында үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ ол «Technovation» 2020 мобильді қосымшалардың аймақтық байқауында үздік атанып, содан кейін жаһандық кезеңнің жартылай финалисті атанды.
Сая Қазақстанның ұлттық пікірсайыс командасының мүшесі, ол Қазақстанның атынан бірнеше рет әлем чемпионаттарында, Еуропада, Азияда, әлем біріншіліктерінде де өнер көрсетті. «Charity Cup» республикалық чемпионатының жеңімпазы және үздік спикері, «Аспаннан үлкен» республикалық турнирінің үздік спикері. Сонымен қатар Сая «Tagam» мобильді қосымшасын жасағаны үшін авторлық куәлікті де алды.