Ақтөбелік оқушылар асық ойнауды әдетке айналдырды

Ақтөбе қаласындағы NIS 7С сынып оқушылары асық ойнауды әдетке айналдырған. Тіпті бұл ойын үшін мектеп дәлізінде арнайы орын жасалған.

Балалар үзілістерде дәлізде асық ойнауды үрдіске айналдырған. Мектептің үшінші қабатында, қоңырауда, асық ойынының нағыз қызған ортасына тап боласыз. Балаларға асық ойыны мен оның түрлерін педагог-ұйымдастырушы-куратор Нургуль Джакупова үйреткен. Ұстаз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпау – басты назарда екенін айтты. «Асық ойнаған азбайды» – дей отыра, ойынның пайдалы тұстарымен бөлісті.

– Баланың денесі шынығады. Басында олар асық ойнауды сабақ арасындағы активити ретінде қабылдады, кейін тартысты ойынға кірісіп кеткендерін байқамай қалды. Қазір балалар өздері ізденіп, ойынның қыр-сырын біліп алды. Асықты дәлдеп лақтыру арқылы мергендікке, жылдамдыққа, ептілікке, төзімділікке үйренуге болады, – дейді ұлттық ойынның дамуы мен жаңғыруына мұрындық болған Нургуль Джакупова.

Зияткер оқушылар енді жүрген жерлерінде асықты жілік іздейтінің жеткізді. Және осы ойын барысында зерттеу дағдыларының дамығанын айтты. Өйткені, олар асықтың түрлерімен, атауларымен танысты, ойын ережелерің меңгеріп, жіліктеуге де көңіл бөлді. Қорғасын құйып, асықты салмақты қылуды да біліп алған.