Ақтөбелік Айдана Айтөре Колумбияда өткен олимпиаданың жүлдегері атанды

– Колумбияға сапар өте қызықты, олимпиаданың бағдарламасы ауқымды болды. Бұл сапар менің жадымда ұзақ сақталатынына сенімдімін. Алған тәжірибем алдағы уақытта басқа олимпиадаларға қатысуда маған артықшылық беретіні сөзсіз, – дейді оқушы.

Колумбияның астанасында өткен жасөспірімдер арасындағы жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық олимпиаданың қола жүлдесін Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы жеңіп алды.

Богота қаласында дәстүрлі халықаралық жасөспірімдер ғылыми олимпиадасы (IJSO) аяқталды. Қазақстаннан зияткерлік додаға алты оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша Айдана Айтөре ІІІ орынға ие болды. Айдана сынақ, теориялық және эксперименттік тапсырмаларды сәтті орындады.

– Олимпиаданың ерекшелігі – оқушылар бір ғана емес, бірден үш, яғни физика, биология, химия пәндерінен тапсырмалар орындайды. Қазақстаннан үш пән бойынша үздік нәтиже көрсеткен 6 адам іріктелді. Маған олимпиадаға дайындалып, қосымша екі пәнді, биология мен химияны, оқуыма бір айдан аз уақыт берілді. Олимпиаданың өзі үш кезеңнен тұрады. Бірінші сынақ турында әр пән бойынша 10 сұрақ келді. Екінші тур теориялық, үшінші тур эксперименттік. Соңғысына команда болып қатыстық, – деп бөлісті Айдана.

Олимпиада офлайн форматта 2-12 желтоқсан аралығында өтті. Биыл Колумбияда 70 елдің ең мықты физиктері, биологтары мен химиктері бас қосты.