Ақтөбе NIS-тің бір топ мұғалімдері «Бірге оқиық!» жобасына мұрындық болып, ауыл балаларына екі ай бойы тегін сабақтар жүргізді.⠀
⠀
Аптаның бес күнінде, екі ауысымда оқытқан он екі ерікті ұстаз ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқартуды көздеді. Сабақтар қашықтықтан өтті.⠀
⠀
– Сыпайылығы, мәдениеттілігімен баурай тартқан мектептің ұжымына алғыс білдіремін! Ауыл мектептерінің балалары үшін ашылған жобалары да жоғары деңгейде өтуінің куәсiмін. Күнделікті сабақта баламыздың қаншалықты белсенділікпен қатысқанын көріп отырған ата-ана ретінде бұл ұжым ұстаздарының жоғары деңгейлі білікті маман екенін ұғындым. Уақыт бөліп, акысыз түрде балаларға сабақ өткізгендеріңізге ризамын. Сіздерге шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін! – деді Қауылжыр кентінде тұратын Айару Жандылданың анасы Айымгүл Сүйінова.⠀
⠀
Зияткерлік мектеп оқытушыларының айтуынша басында 97 оқушы тіркелді, кейбірінің сабақ кестесінің келмеуінен және техникалық қолайсыз жағдайлар орын алып, оқушылар саны 65-ке дейін жетті.⠀
⠀
– Балам барлық сабақтарға дерлік қатысып жүрді. Алғашқы күннен бастап қызығып, тапсырмаларды ерекше талпыныспен орындап, көптеген мәліметтер жинақтады. Сіздермен өткен сабақтары білім деңгейін толықтырды,сіздерге рахмет, шығармашылық табыс тілеймін! – деді Шұбарқұдық тұрғыны Балнұр Жақсылықованың анасы Самал Назымова.⠀
⠀
– Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері бұған дейін ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған басқа да кешенді шараларды ұйымдастырған. Мұның бәрі шалғайдағы балалардың білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр, – деді NIS Ақтөбе басшысы Сауле Умербекова.⠀
⠀
«Ақтөбелік ұстаздардың «Бірге оқиық!» жобасы жыл өткен сайын жалғасын табады» деп сенім білдірді мектеп директоры.