Ақтөбедегі зияткерлер данқты математик Асқар Жұмаділдаевпен кездесті

Бүгін Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әйгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаевпен жүздесті. Мектеп қонағы Зияткерлерге математикаға қалай келіп, жалпы ғылымға қалай бет бұрғаны жайлы баяндады. Бала күніндегі естеліктерімен бөлісті.

Ақын болуды армандаған бала Асқардың физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі атанғаны жайлы жиналған оқушылар мен ұстаздарға қызық болды. Мәскеудегі МГУ-ға түскендегі қызықты сәттерін айтты. Сонымен қатар, Асқар Жұмаділдаевтің жеке өмірі, қызығушылықтары мен атқарған қызметі турасында сұрақ-жауаптар өрбіді. Математик өзінің философиялық ой-толғауларымен бөлісіп, тағылымы мол әңгіме жүргізді.

Академик мырза зияткерлерді Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігіне жету жолында тынбай еңбек етуге шақырды.

– Математиканы таңдауға қорықпаңыздар, себебі қай нәрсеге де математикалық білім керек. Ол – барлық ғылымның тілі. Оқудан талмаңыздар, талаптанып, күнделікті ізденісте болыңыздар. Белгілі бір кітапты оқы деп кеңес бермеймін. Себебі әлемнің бар кітабын оқып бітіру мүмкін емес, сондықтан өз басыңызбен ойланып, дамыңыздар!, – деді Асқар Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев – әйгілі академик, математик. 1956 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Шиелі ауылында туған. 1962 жылы №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебiне, 1966-69 жылдары №45 қазақ орта мектебiнде оқыған. 1970-72 жылдары Алматыдағы №56 Сатпаев атындағы физика-математика мектеп-интернатында оқыды. 1980–90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың мықты математигі. Асқар Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А. Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәріс оқыған.