Ақтөбедегі NIS түлектері «Samgau» форумында бас қосты

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде әр жылдары бітірген 120 түлек бас қосқан «Samgau» форумы өткізілді. Нетворкинг мақсатында ұйымдастырылған бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығын көздеді. Түлектер мен мектеп арасында белсенді қарым-қатынас орнатылып, жоғарғы сынып оқушыларына кәсіптік бағдар берілді.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Зияткерлер ордасын алғаш болып бітірген 2015 жылғы түлектерден бастап осы кезге дейінгі 120 түлек бейресми кездесуде NIS атты үлкен отбасында қуана қауышты. Оқушылар түрлі салаларда білім алып жатқан түлектермен пікірлесіп, қазіргі қоғамға қажетті мамандықтар туралы әңгіме жүргізді.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

«EdGiving Alumni NIS: білім мен тәжірибені тарату мақсатында мектепке оралу» тақырыбындағы форумның қатысушылары мектепке келіп, оқытушыларымен, сыныптастарымен көрісіп, балалық шаққа бір сәтке оралғанын атап өтті.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

– Қазір мен IT және білім салаларын ұштастырып стартаппен айналысудамын. Бастамамды жүргізуде мектептен алған дағдыларым көп көмегін тигізуде. Мектеп ұжымына сол үшін алғысымды айтамын. Оқып жүрген балаларға осы мектептегі кезді бағалаңыздар, яғни «зияткер» атағымен мақтаныңыздар дегім келеді. Себебі басқа жерде мектептегідей сізге ешкім көңіл бөліп, түсіністікпен қарап, жылы шырай танытпайды, – деді 2016 жылғы түлек Жан Көкешов.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Ашылу салтанаты өткен соң шара сессия бағдарламасына жалғасты. Жиналған түлектер өз оқу орындары туралы нақты мәліметтер беріп, жеке тәжірибелерімен бөлісті. Қонақтар арасында «Актюбинский вестник» облыстық газетінің бас редакторы Айгүл Нүркеева да болды. Айтары көп тәжірибелі журналист, әрі «Болашақ» бағдарламасының түлегі, сандық технология дәуіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін тілге тиек етті.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Сонымен қатар мектеп оқушылары әлеуметтік, техникалық бағыттардағы ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Түлектер оларға бағаларын беріп, талқылап, ұсыныстарын ортаға салды.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Ағымдағы жылға дейін Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 928 түлек тәмәмдаған. Мектеп түлектері әлемдік және отандық үздік университеттерге шақырту алған. Олардың ішінде Pusan, KAIST, City U, МГИМО, Мюнхен техникалық университеттерінің толық грант иегерлері де бар.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

– NIS – мені тұлға ретінде қалыптастырған өмір мектебі. Бұл жерде алған дағдыларым мен білімім маған өмір бойы көмектеседі.⠀Форум нетворкинг түрінде түлектерді өзара байланыстыруға арналған деп есептеймін.⠀Мен МГИМО-да халықаралық қатынастар бағытында оқитындықтан, осы секцияда сөз сөйледім. Университет, факультет туралы көбірек ақпарат беруге тырыстым. Өйткені, ол бүгінде дипломатияның үздік мектептерінің бірі, – деп бөлісті 2019 жылдың түлегі Еркебұлан Орынбасар.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Ақтөбедегі түлектер кездесуінде шығармашылық шеберхана да жұмыс істеді. ⁣⁣NIS қосымша білім беру мұғалімдері сурет салу мен хореография өнерлерінен шеберлік сағаттар ұйымдастырды. Кейін оқушылар мен мұғалімдер, түлектер өзара жарысып волейбол, футбол ойнады. ⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Биыл мектептің ашылғанына он жыл. Білім алған алтын ұя — мектепке әр түлек ыстық ықылас танытып, сан ғасырлық тарихы бар мәртебелі мектеп болуын тіледі. Форум соңында бұл шараның жаңа бастамаларға серпін беретініне сеніммен тарасты.