Ақтөбе қаласындағы NIS-те «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» облыстық форумы ұйымдастырылды. Зияткерлік мектеп пен Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбедегі филиалдары бірлесіп жасаған бұл шараға облыстың жетекші мектептерінен 130-дан астам мұғалім қатысты. Жас ұстаздар форум барысында тақырыптық және шығармашылық алаңдарда шеберлік класстарға, оқыту, психологиялық тренингтерден өтіп, практикалық құнды ақпарат алды.
Форумға арнайы шақырылған спикерлердің мотивациялық сөздері қатысушыларды ынталандырды. Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысының орынбасары Нургуль Бертлеуова форумды ашып, мұғалімнің миссиясы мен сол мамандықтың құндылығына тоқталып, жас педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында сөз сөйледі.
Форумның арнайы қонағы – TeDXтің бірінші спикері «Ақбөбек» халықаралық мектебінің құрылтайшысы, Ақтөбе облысы бойынша іскери әйелдер аймақтық кеңесінің төрайымы Кульпаршин Айдарханова өз тәжірибесімен бөлісіп, облыстың жас ұстаздарын өзіндік мақсат қоюға ынталандырды.
– Мені күнде ойландыратын нәрсе – неге кей мұғалімдер бар ынтасымен сабақ бермейді. Ұстаздар оқыту, тәрбие, баламен қарым-қатынас орнату процесстерінен қапы қалмауы керек, себебі білім жүйесіне бейжай қарауға болмайды, – деді өз сөзінде Кульпаршин ханым.
Екінші спикер Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Нұржан Мақсатов өзінің өмірлік оқытушыларын тілге тиек етіп, ұстаздарды ұлықтады. Жастарға осы кезден мықты қырларын анықтап, оларды дамытуға басымдық беріп, дарындылық пен қабілеттерді анықтауға арналған Gallup тестін өтуді ұсынды.
Ақтөбедегі Педагогикалық Шеберлік Орталығының директоры Тауиля Акимова тамыз айында тұңғыш рет өткен Елордадағы Жастар форумы туралы айтып, аталған шаралардың мұғалімдердің жаңа буынын тәрбиелеп, оларды кәсіби өсіруге, жақсы маман ретінде қалыптасуына ықпалы зор екендігін баяндады.
Келесі кезекте Жастар форумының делегаты Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас ұстазы, әрі алғашқы түлегі Райымбек Турсынбаев жазғы форумнан өз әсерімен бөлісті. Республикалық форумның барлық облыста жалғасын тапқанына өте қуанышты екенін атап айтты.
Шараның келесі бөлімінде Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері оқыту мәселелерін талқылау бойынша «Сабақ конструкторы: жинаймыз және қолданамыз», «Функционалдық сауатсыздық: олқылықты қалай толтырамыз», «Инсайт: жанама тәжірибеден өзіндік әрекетке» және «Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді қолдану» тақырыптары бойынша жетістік алаңдарын өткізді.
Форумның практикалық бөлімінде «RICH алгоритмі сабақта» атты ПШО филиалы директорының шеберлік сабағы өтті. Сонымен қатар жас мамандар «Метафоралық ассоциативті карталар арқылы ішкі ресурсты пайдалану», «Қызықты сабақ: жас маман ізденісі», «Cыныпты басқарудағы тәжірибе», «JOYTEKA платформасы – оқушыны белсендіру құралы», «Оқушылар мотивациясын арттыратын лайфхактар» және басқа да тақырыптар бойынша шебер-кластарға қатысты.
Жаңа буын мұғалімдері сабақ жүргізген тренерлер оларды ыстық ықыласпен қарсы алып, табысқа жеткізген оқу құралдарымен, техникалармен, лайфхактарымен бөліскенін атап өтті.
– Тренинг, шеберлік сабақтар жүргізген әр мұғалімнен жылу сезіліп тұрды. 130 адамды өздеріне қарата алған мықты психологтарға таң қалдым. Бүгінгі бір күнім бірнеше жылға азық болатындай ақпаратқа толықты. Барша ұйымдастырушыларға рахмет! – деді Шалқар қаласындағы №4 орта мектептен келген Айсәуле Бекетова.
Жас мамандар педагогтің тұлғалық және кәсіби дамуы мен проблеманы шешу қабілетін шыңдау мақсатында хореография, нейрографика және шебер қолдар бөлімдері бойынша Active Spot креативтілік алаңына шақырылды.Әр қатысушы өзін, өзінің сезімі мен ішкі жағдайын шығармашылық арқылы көрсете алды.
Lesson Study бойынша өткізілген «Зерттеуді болмайды зерттемеуге» атты педагогикалық батл бүгінгі форумның ең әсерлі пікірталас алаңына айналды. Барлық қатысушылар бірдей белсенділік танытты.
Кездесудің жабылу салтанатында форум барометрі көрсетіліп, кері байланыс алынды. Жас педагогтер форум барысында практикалық құндылығы жоғары ақпараттар алып, мұғалімнің ұстанымын, құндылықтары мен көзқарастарына қайта шолу жасағанын мойындады.