Бүгін Ақтөбе қаласының NIS мектебінде Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орайластырылған «Достық көпірі» халықтар достығы фестивалі өтті. Әрбір шаңыраққа алдын ала белгілі бір ұлт тағайындалған болатын. Оқушылар елімізде тұрып жатқан ұлттардың ерекше салт-дәстүрлерін, сүйікті тағамдарын, ойындарын, ұлттық билерін, әндерін ұсынды.⠀
⠀
Шара 1 мамыр мерекесіне арналған концерттік бағдарламамен басталды. Мектеп ауласында әр шаңырақ әр ұлттың салт-дәстүрі, ойындары, билері мен әндерін шырқап, көрсетті. Қазақ, орыс, өзбек, поляк, түрік, сыған, грузин, корей, татар, еврей ұлттарының өкілдері мектеп ұжымын ана тілдерінде құттықтады.⠀
– Мен жартылай украин және қазақ екенімді мақтан тұтамын. Мен ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар өздерінің және қазақтың салт-дәстүрін құрметтейді, ұстанады Барлық дәстүрлер өте қызықты және ерекше. Маған қазақтардың «Ұлттық тағамдары» – бесбармақ, бауырсақ, құрт, наурыз көже ерекше ұнайды, – деп мойындады педагог-ұйымдастырушы-куратор Алёна Шиянюк.⠀
⠀
Ақ орда шаңырағы татар халқының «Йомырка йөгереш», «Ташлык», «Көрәш» ойындарын жүргізсе, озаттықтар еврей халқының үйлену дәстүрін көрсетті. «Болашақ» шаңырағы сыған биін билеп, Шәмшінің шоқтығы биік әндерінің бірі «Сыған серенадасы» шығу тарихын да баяндап берді. «Мұрагер» шанырағы әзірбайжан «Анар фестивалі» жайлы қойылым көрсетті. Жиналған жұрт кей халық ойындары мен дәстүрлері қазақтыкіне ұқсайтынын атап өтті.⠀
⠀
– Соңғы екі-үш күндікте ұйымдастырылып жатқан шараларда Қазақстандағы ұлттар жайлы неше түрлі жаңа ақпарат алдым. Бүгінгі фестивальда бұрын естіп көрмеген ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер тамашаладық. Мұндай шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтады, – деді 7-сынып оқушысы Ақсамал Қазбек.⠀
⠀
Бірлік күніне орай жасалған бұл шара барлық оқушылар мен мектеп ұжымына мерекелік көңіл-күй сыйлады.