24 сәуір күні облыс педагогтары T-CHARGER II білім берудегі технологиялар конференциясында бас қосты. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Жаса» жас мұғалімдер қауымдастығы ұйымдастарған шараға 2200-ге жуық білім беру саласы мамандары тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін арттырды. NIS ұстаздары қашықтан білім беру кезінде қолдануға болатын платформалармен бөлісіп, оқу процесін қызықты әрі тиімді өткізу мүмкіндіктері туралы баяндады. Одан өзге оқушыларды бағалау мен кері байланыс орнатуға арналған бағдарламалар да ұсынылды.
– Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басты мақсаты – сапалы білім берумен қатар, тәжірибе алмасу. Короновирус пандемиясы жарияланғалы білім мен ғылым саласы да онлайн форматқа ауысып, педагогтарды жаңашылдыққа алып келді. NIS ұстаздары бұл жағынан үздіксіз ізденіс пен даму үстінде. Білгенімізбен бөлісу арқылы біз тек мұғалімдерге ғана емес, оқушыларға пайда әкелеміз, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Ақзат Қауысова.
Сондай-ақ конференцияға арнайы шақыртылған қонақтармен де сұхбат жүргізілді. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Дархан Ахмедиевпен онлайн-кездесу барысында еліміздегі интернет желісінің аудандарға таратылу мәселесі талқыланды. Ал Caravan of Knowledge жобасының үйлестірушісі Айгерим Масгутова өз кезегінде STEM білім беру бағытын насихаттау мен оқу процесіне енгізудің маңызы жайында айтып берді. Шараның келесі қонағы қостанайлық блогер-мұғалім, Жетіқара аудандық №12 орта мектебі директорының орынбасары Алина Алимбаева оқушылар мен оқытушылардың білімге құлшынысын жаңа технологиялар арқылы арттыру мүмкіндігін көрсетті. Сонымен қатар «Лекториум» платформасының бас директоры Яков Сомов қашықтан оқуға арналған онлайн-контенттің сапасы және Ресейдегі бұл үрдістің қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.
Ақтөбедегі NIS ұстаздары тарапынан жүзеге асқан ауқымды шара қатысушыларға серпіліс беріп, пайдалы болғаны сөзсіз. Өңір ұстаздары шараның жоғары деңгейде өткендігін де атап өтті. Алдағы уақытта кәсіби қолдау мен тәжірибе алмасу мақсатында сенім телефоны да ұйымдастырылды.