Ақтөбедегі NIS-те әдеби кейіпкерлер костюмдері шеруі өтті

Егемен еліміз еңсесін тік көтеріп, үштілділікке бағыт бұрғалы, оқу ордаларында тіл мәселесі қарқынды талқылануда. Тілдер мерекесіне орай қыркүйек айының 21-23 жұлдызы аралығында Ақтөбе қаласы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тілдер апталығы өтеді. Бүгін ашылу салтанаты костюмдер шеруінен бастау алды. Мектеп кітап кейіпкерлері кітап сөрелеріндегі орындарын тастап, оқуға келіп жатқандай күйде.Зияткерлер Шерлок Холмс, қызыл телпек, тау көтерген Толағай, Гарри Поттер, Қобыланды батыр, Питен Пен, тазша бала, Қожа және басқа да кейіпкерлер болып киініп келді. Ұйымдастырушылар «Бұл ғажайыптар әлеміне кіру өте оңай, тек сол кітаптың немесе кейіпкердің таңдалу себебін ашу керек» дейді.

Жас оқырмандар өз рөлдеріне кіріп, әдеби кейіпкерлердің міңездерін жеткізуге тырысты. Киген киімдері анық, есте қаларлықтай болды. Шараның бағалау бөлімінде әр әдеби кейіпкер өзінің киім үлгісін көрсетіп, қай әдеби шығармадан екенін айтып, өлең оқыды немесе ән шырқады.

9-сынып оқушысы Аружан Бекниязова Агата Кристи шығармаларындағы Мисс Марпл кейіпкерін таңдаған. Себебі ол автор кітаптарын сүйіп оқитынын айтты:

– Мен детективтік әдебиет оқығанды ұнатамын. Кейіпкерім Мисс Марпл – Агата Кристидің 12 романында басты рөльдегі ағылшын ауылында тұратын әуесқой детектив. Әзірге 6 кітабын оқыдым. Мисс марплды таңдаған себебім – ол жасы үлкендігіне қарамастан, тапқырлығы мен логикасымен ерекшеленеді.

Апта бойы мектеп радиосында «Бір өлең оқып берейін» жобасы орын алып, белсенді үзілістерде алуан түрлі ойындар, викториналар, қойылымдар және сайыстар жалғасын табады. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып жарысады. Мектеп қауымдастығы жаппай диктан, эссе жазады. Апталық бағдарламасында кітаптар көрмесі, «Тілдер қаласы» шарасы, «Тапқырлар мекені», «Tilquest», «Flee market», «Spelling bee», «Quiz, please» ойындары бар.