Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды қалаларында жалпы білім беретін пәндер бойынша Желілік олимпиада аяқталды. Жоғары сынып оқушыларының білімі сарапқа салынған желілік олимпиадаға Ақтөбедегі NIS-тен 35 зияткер қатысып, оның 19-ы жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтсақ, биология пәні бойынша 10-сынып оқушысы Тұран Тұрсынбек және физика пәнінен 11-сынып оқушысы Алишер Еркебаев пен 9-сынып оқушысы Айдана Айтөре топ жарып, I орынды жеңіп алды.
8-сынып оқушысы Дидар Журунтаев 9-сыныпқа арналған физика есептерін шығарып, жүлделі II орынды иеленді. Ал математикадан II орынды 12-сынып оқушысы Сұңқар Болат жеңіп алды. География бойынша 11-сынып оқушысы Санжар Хамитов пен 9-сыныптың оқушысы Алихан Калмагамбетов күміс медальдар қанжылағалады. Биология пәнінен 10-сынып оқушысы Асылбек Аманбаев, құқық негіздері пәнінен 11-сынып оқушысы Камила Курамысова, ағылшын тілі пәнінен 12-сынып оқушысы Әсия Тайжанова ІІ орын тұғырынан табылды.
Информатика үздік үштігіне 9-сынып оқушысы Алуа Бисембай кірсе, математика үштігіне 9-сынып оқушысы Ахан Наби мен 10-сынып оқушысы Ержан Мирасбеков енді. 11-сынып оқушысы Ерлан Ұлықпанұлы география пәнінен ІІІ орынды иеленді. 10-сынып оқушысы Айшат Темирбаева қазақ тілінен, 12-сынып оқушысы Алина Мурзагалиева орыс тілінен, 10-сынып оқушысы Адия Унбаева мен 11-сынып оқушысы Куаныш Муратов ағылшын пәнінен жүлделі III орынға жайғасты. Ал тарих пәнінен 10-сынып оқушысы Асия Бралина ІІІ орынды місе тұтты.
Еліміздің бес қаласында өткен білім додасына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 700-ден астам оқушысы 15 пән бойынша қатысты. Бүгінде NIS 2021 желілік олимпиадасы тарихи шараға айналып үлгерді.