Ақтөбедегі NIS оқушысы Сабина Ахметжан Канаданың ең үздік университетіне оқуға түсті

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сабина Ахметжан әлемнің 9 университетіне оқуға түсті: University of Toronto (Канада), University of Oregon (АҚШ), Long Island University (АҚШ), Luiss University (Италия) және Түркияның 5 университеті – Koç University, Istanbul University School of Business, Sabanci University, Bilkent University, Kadir Has University.

Зияткерлік мектеп оқушысының таңдауы – Торонто университеті, өйткені ол Айви Лигасының университеттерінен кем түспейді.

Торонто университеті Канадада бірінші орында тұр. Ал әлемдік рейтингте ол үздік 25-ке енді. Сабинаның айтуынша, университеттің артықшылығы – академиялық еркіндік, үздік профессорлар, ыңғайлы инфрақұрылым және тәулік бойы қолжетімді кітапхана.

– Торонто университетіне түсу менің арманым еді. Өйткені, бұл Канададағы ең жақсы университет және онда сіз әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдердің өкілдерін кездестіре аласыз. Оқуға түсуге тыңғылықты дайындалдым, эссе жазуды 11-сыныпта бастадым. Канадаға виза алу қалды. Маған сенім артқан отбасыма, ұстаздарыма алғысымды білдіремін, – деді Сабина Ахметжан.

Оқушы құжат тапсыру кезінде мотивациялық эссе жазу ең қиын кезең екенін мойындайды. Сізге ағылшын тілінде бірнеше көлемді эссе жазып, комиссияға университет неге сізді таңдауы керек екенін дәлелдеу керек. Эссе құрылымын зерделеп, жетістіктеріңізді қамту керек, алған біліміңіз мақсаттарыңызға жетуге қалай көмектесетіні маңызды.

– Олимпиадаларға, байқауларға, көптеген мектепішілік іс-шараларға, ғылыми конференцияларға және ғылыми-әлеуметтік жобаларға белсене қатыстым. Менің ұсынысым, дайындықты 9-сыныптан бастау керек. Өз салаңыздағы университеттердің тізімін жасаңыз. Одан кейін 10-сыныпта халықаралық емтихандарға дайындалып, әлеуметтік жобалармен айналысыңыз, – деп кеңес береді Сабина.

Сабина Торонто университетінде менеджмент бойынша білім алады. Сондай-ақ «Іскерлік басқару», «Менеджмент», «Қаржы» мамандықтары бойынша басқа жоғары оқу орындарына құжат тапсырды. Норвегия, Сингапур, Корея және Греция университеттерінен әлі де жауап хаттар келуі керек.

НЗМ оқушысы мамандықты 9-сыныпта таңдаған. Кейінірек ол халықаралық емтихандарды тапсыра бастады. Оның IELTS балы – 7 және ол SAT Reasoning емтиханында да жоғары балл жинады.

Сабина Зияткерлік мектепте оқып жүргенде биология пәнінен бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы атанса, халықаралық байқауда «Мидың жартышарлары дамыту» жобасымен І орынға иеленді. Дебаттарға қатысып, мектептегі домбырашылар ансамблінде ойнады.