Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Сая Курманалина TechGirls және LaunchX жазғы білім беру лагерлеріне жолдама алды. Бұл алмасу бағдарамалары жыл сайын АҚШ-та ұйымдастырылып, оқушылардың жан-жақты дамуына үлес қосады. Пандемияға байланысты биыл қатысушылар қашықтан білім алып, жобаларын іске асырады.
– Мұндай бағдарламаларға алғаш қатысуым: іріктеу процесі өтінім мен сұхбаттан тұрды, ал финалистерді мотивациялық және ұсыныс хаттар, мектеп қабырғасындағы жетістіктер, тәжірибе мен дағдылар негізінде таңдады. Мен түрлі бағдарламалау жобаларына, яғни мобилді қосымшалар мен сайт жасақтау жұмыстарына белсене араласамын, информатика және математика пәндерінен олимпиадалар мен жарыстарға қатысып келемін. Мектепте қол жеткізген жетістіктерім мені жаңа белестерге жетелегені сөзсіз, – деп бөлісті Сая.
Бірнеше аптаға созылатын оқу процесінде қатысушылар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалар әзірлеп, оны қолданысқа енгізу жолдарын меңгереді. TechGirls бағдарламасы 15-17 жас аралығындағы қыз балаларға ғылым мен технология, инженерия мен математика саласындағы дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Ал LaunchX болса, 9-12 сынып оқушыларын кәсіпкерлікке баулып, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға негіз болады. Ақтөбелік зияткердің айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар ең мықты тәлімгерлерден дәріс алып, өз идеясын кеңінен дамытады.
– Мен үшін ең маңызды нәрсе – алған білімді тиімді пайдалану. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді зерттеп, оның шешімін табуға атсалысқым келеді. Аталған бағдарламалар ойға алған жобамыздың тек сөзбен емес, іспен жасалуына мол мүмкіндік береді. Бұл әрбір оқушының болашағы үшін керемет инвистиция деп есептеймін, – дейді зияткер.