Көктем келісімен көптеген елді-мекендерде болатын су тасқынының алдын-алатын жаңа жоба «Flood control» деп аталады. Арнайы құрылғы су деңгейін өлшеп, қауіп төнген жағдайда тұрғындар мен құзырлы органдарды ақпараттандырады. Автоматтандырылған механимзді ойлап тапқан 8-сынып оқушылары – Нұршат Жұбаныш пен Азамат Қалдашев бұл өнертабысына авторлық куәлік те алды. Жас өнертапқыштардың сөзінше, жобаны әзірлеуге 2017 жылы Ақтөбедегі су тасқыны түрткі болған.
– Ақтөбе облысы бойынша 34 елді мекенді су басу қаупі бар. Табиғи апаттың салдары адам денсаулығы мен дүние-мүлкіне зарар келтіреді, шығын әкеледі. Біз осы мәселені зерттеп, Arduino Uno микроконтроллеріне негізделген құрылғының прототипін жасадық. Оған ылғалдылық сенсоры мен GSM модулін орнаттық, бұл бізге су деңгейін білуге және ұялы телефонға хабарлама таратуға мүмкіндік береді. Биология пәні мұғалімі Шолпан Оңдасынқызы мен информатика пәні мұғалімі Жанаргүл Өтеуқызының жетекшілігімен қолға алынған жобамыз сәтті шығып, авторлық құқыққа ие болдық, – дейді Нұршат Жұбаныш.
Қоршаған орта мәселесіне көңіл аударған зияткерлер құрылғыны әрі қарата жетілдіруді жоспарлап отыр. Жоба авторының бірі Азамат Қалдашевтың айтуынша, су деңгейін анықтайтын датчиктердің санын арттырып, енгізілген жүйені Arduino Nano платасында жасауға болады. Теориялық және тәжірибелік тұрғыдан оқушылардың білімдерін жетілдірген жетекшілері де «Flood control» жобасының болашақта қолданысқа енетініне сенімді.
– Оқушылар жобаны жоғары деңгейде жасады. Су тасқынының алдын-алу мақсатында жүргізілген зерттеу жұмысынан олар көп нәрсе үйренді. Жоба бірнеше ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Алда әлі де жаңарту және жақсарту жұмыстары тұр, – деп бөлісті жетекшісі Шолпан Карамурзина.