Ақтөбедегі NIS оқушылары физика пәнінен желілік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті
Ақтөбедегі NIS оқушылары физика пәнінен желілік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті
Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен «Что? Где? Когда?» интеллектуалдық ойынына қатысқан ақтөбелік оқушылар «Үздік команда» атанып, жүлделі I орынға ие болды. Топтық жарыста мектебіміздің 8-сынып оқушылары Айдана Айтөре, Алдияр Нағашыбаев және Тамерлан Шамешов екі кезеңнен де еш қиындықсыз өткен. Зияткерлердің сөзінше, желілік сайыста тек білім ғана емес, шапшаңдық та маңызды.
– Ойын қызықты өтті деп айта аламын. Бірінші турда команда капитандары жарысты, бұл мен үшін жауапты кезең еді. Жоғары нәтиже көрсетіп, келесі кезеңге өттік. Ал екінші тур әлдеқайта оңай болды, себебі топпен жұмыс жасадық, ақылдасып, пікір алмастық, менің ойымша, жеңісіміздің негізі – командалық рухта, – дейді Айдана Айтөре.
Ал «XXI ғасыр көшбасшысына» қатысып, II орынды иеленген 10-сынып оқушысы Дильназ Қайыржанова да желілік байқаудан ерекше әсер алғанын айтады. Үш кезеңдік жарыста оқушылардың физика пәнінен білімдері сыналды, сондай-ақ сұраққа үш тілде жауап беру де басты талаптардың бірі болған.
– Бұл сайыстың зияткерлерге берері мол, себебі біліміміз бен біліктілігімізді арттыруға, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға септігін тигізеді. Маған физика пәні ерекше ұнайды, болашағымды инженерия саласында елестемін, сондықтан жарыстар мен байқауларға қатысу, тәжірибе жинау мен үшін өте маңызды.
Айта кетейік, Қарағандыдағы NIS ұйымдастырған желілік сайыс 2 және 4 наурыз күндері өтті. Білім додасына әр өңірден 10-нан аса Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары қатысты.