Ақтөбедегі NIS-тің ағылшын тілі мұғалімдері Аяжан Өтегенова мен Айнагүл Оразалина Ереван қаласында өткен ECER (Еуропалық білім беру зерттеулері конференциясы) конференциясына қатысты. Ғылыми конференцияда әлемнің 50 елінен білім беру саласындағы 800-ден астам жаңадан бастаған және тәжірибелі зерттеушілер болған.
Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептің ұстаздары оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау моделі бойынша өз зерттеулерін ұсынды. Мұғалімдер екі оқу жылында математикадан оқушылардың ішкі жиынтық бағалау нәтижелерін салыстырып, төрт жылдан астам уақыт бойы зерттеу жұмысымен айналысқанын мойындады.
– Үш күнге созылған конференция бізге әрі қарай кәсіби дамуымызға жақсы серпін берді. Біз өзгермелі әлемдегі білім, жаһандық шындықтың болашаққа әсері, мысалы, постковид, онлайн оқыту және экономикалық дағдарыс туралы көптеген ақпарат алдық. Пән мұғалімдеріне ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеруді, ғылыми жұмыстардың форматын зерделеу үшін ғылыми мақалаларды түпнұсқада оқып, терең әдеби шолу жүргізуді ұсынамын, – деп бөлісті Аяжан Өтегенова.