Ақтөбедегі NIS ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған олимпиадада 50-ден астам педагог бас қосты

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің әдістемелік бірлестігі жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары арасында олимпиада өткізді. Олимпиадаға қала және аудан мектептерінен 53 мұғалім қатысты.

 

Негізгі мақсат – мұғалімдердің мәртебесін көтеру, кәсіби шеберліктерін арттыруға ықпал ету, сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы ағылшын тілі мұғалімдері арасында өзара тәжірибе алмасу алаңын құру.

 

Таңертеңнен бастап қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен келді. Ашылу салтанатынан кейін мұғалімдер Listening, Reading, use of English бөлімдері бойынша тапсырмаларды орындауға кірісті. Тапсырмалардың қиындық деңгейі Advanced (жоғары) болатын. Олимпиада соңында барлық мұғалімдерге семинарлар өткізілді. Ұйымдастырушылар онда дифференциация, топтық жұмыс, бағалау және шығармашылықты дамыту тәжірибесімен бөлісті.

 

Ағылшын тілінен 53 мұғалім арасындағы тартысты додада «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқутушысы Гүлзира Жақанова І орын, «Ақбөбек» халықаралық мектебінің мұғалімі Салтанат Хасенова ІІ орын иегерлері атанды. Олимпиаданың үздік үштігіне «Кемел білім» мектеп-интернатының ұстазы Жанаргүл Успанова енді. Әрқайсысына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

  • Бізді тек грамматикалық тапсырмалар бойынша ғана емес, тыңдау және оқу дағдылары бойынша да сынады. Олимпиададан кейін NIS мұғалімдері семинарлар өткізді, онда ағылшын тілі сабағында жұмысты ұйымдастыру қағидаларымен бөлісті. Олимпиада жоғары деңгейде өтті, жоспарланған істердің әрқайсысы бүге-шігесіне дейін ойластырылған, – деп бөлісті олимпиада жеңімпазы Гүлзира Жақанова.

 

Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, кәсіби салаларында табыстар тіледі. Сондай-ақ олар осындай қызықты әрі пайдалы кездесулердің жиі өткізіліп тұратынына ниет білдірді.