Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің AKXMUN клубы Қ.Жұбанов атындағы өнірлік университеттегі Education Hub білім беру орталығымен бірге «Model United Nations» ІІ конференциясын ұйымдастыруда.
Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі дипломатиялық ойындар мен ғылыми конференцияның синтезі болып табылады. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер осы Ұйым комитеттерінің жұмысын жаңғыртады, дипломатиялық, көшбасшылық, тілдік дағдыларды және ымыраға келу қабілетін игереді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференция заманауи қоғамдағы жаһандық құзыреттілікті дамытуға бағытталған. Мұндай іс-шаралар студенттер мен оқушыларды қарым-қатынас жасауға, тапсырмаларды бірлесіп шешуге, келіссөздер жүргізуге және аудитория алдында сөйлеуге үйретеді.
– Конференцияда оқушылар мен студенттер елдер арасындағы саяси ахуалды жақсы түсініп, еркін сөйлеуге, шетел тілі дағдыларына, көшбасшылық қасиеттерге машықтанып, ең бастысы бірін-бірі тыңдап, талдап, ортақ шешім қабылдауға үйренеді, – дейді Азат Жауылбаев, NIS Ақтөбе жаһандық перспективалары мен жобалық жұмыстары пәні мұғалімі.
Қатысушыларды БҰҰ моделі конференциясына дайындау аясында Зияткерлік мектеп мұғалімдері университет пен жалпы білім беретін мектептердің ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған таныстыру семинарын өткізді.
«БҰҰ Моделі» II аймақтық конференциясын өткізу 29 сәуірге жоспарланып отыр. Конференцияға тіркелу сілтемесі:
https://docs.google.com/…/1FAIpQLSeAkdw6BZ2YC2…/viewform.
БҰҰ моделінің бірінші конференциясының қызықты сәттерін видеодан көре аласыз.
Бейнебаян түсірген Айдар Тұрланов.