АҚТӨБЕДЕ «ТУҒАН ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ-2022» ӨЛКЕТАНУ-ЗЕРТТЕУ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Ақтөбе қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым – 2022» ғылыми-өлкетану экспедициясының ашылу салтанаты өтті. Оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылған «Желкен» шаңырағының 39 оқушысы туған өлкені танып, тарихын зерттеуге мүмкіндік алды.

Желкендік зияткерлер мектеп жатақханасына орналасып, жобаның ашылу салтанатына қатысты. Жиында алғашқы сөзді алған Зияткерлік мектептің тарих пәні мұғалімі Райымбек Жұбаныш балаларға сәттілік тіледі:

– «Туған елге тағзым» экспедициясы үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Сіздер зерттеу дағдыларыңды дамытып, келесі оқу жылына жаңа ғылыми жобаға негіз болатын жаңа идеямен аяқ басасыздар. Алдағы күндер мағыналы, қызықты өтуіне бірге атсалысайық, туған өлкеміздің тарихын білейік!

Сонымен қатар балалар жатақхана тәрбиешілері ұйымдастырған ойындарға қатысты. Кейбірі жатақхана өмірімен алғаш рет танысуда. Бес күнге созылатын жоба қатысушыларын алда Ақтөбе облысындағы түрлі тарихи және сан сырлы өлкелер күтіп тұр.