Ақтөбеде NIS әдістемеcімен оқитын ауыл мектептерінің қатары артады⁣⁣

Биыл еліміз бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әдістемелік қолдауына ие 17 тірек мектептің қатары 63-ке артты. Олардың 12-сі Ақтөбе өңірінде орналасқан. Келер жылы ауылдық тірек мектептердің саны 200-ге дейін жетеді. Бұл жөнінде бүгін «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» жобасының таныстырылымында NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты азайту NIS-тің маңызды стратегияларының бірі. Осы бағыттағы жұмыстар 2020 жылдан бері қарқынды жүргізіліп келеді. Бастапқыда 14 мектеп Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әдістемесімен оқыса, 2022 жылдан бастап республикалық маңызы бар ауқымды жобаға айналды. Бүгінгі таңда «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры мен «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауыл мектептеріндегі оқу құралдарын жаңа сандық технологиялармен жабдықтауға қомақты қаржы бөлінуде.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Осыған дейін Астана, Петропавл, Атырау және Ақтөбе қалаларындағы Зияткерлік мектептердің 22 мұғалімі Бадамша, Хромтау тірек мектептеріне әдістемелік көмек көрсетті.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Зияткерлік мектептер тарапынан мұғалімдерге жүйелі әдістемелік көмек көрсету, кәсіби қажеттіліктері мен оқыту жетістіктерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізу, мектепте қолайлы орта құру және жаңа оқу құралдарымен толық жабдықтау жүзеге асуда. Қазір «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы өзінің нәтижесін беріп, ауыл мектептеріндегі оқу-ағарту саласына тың серпін беріп отыр. Пәндік білім бойынша шығу мониторингінің қорытындысы 4-сынып оқушыларының математика және қазақ тілі пәндері бойынша үлгерімінің артқанын көрсетіп отыр. Ал 8-сынып оқушылары арасында 9 пәннің 7-еуі бойынша оң динамика бар, – деді ол.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Сонымен бірге ол орта мектептердегі білімді жетілдіру мен инновациялық ортаны қалыптастыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қамту маңызды екенін айтты. Ол үшін орта мектептер заманауи технологиялар, зертханалар, кітапханалар және зерттеу мен өнертапқыштарға арналған шығармашылық кабинеттермен жабдықталуы тиіс.