Ақтөбеде 158 Зияткер түлектерге соңғы қоңырау соғылды

Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 158 жас түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Оқу жылының салтанатты шарасы биылғы мерейтойларға сәйкес ұйымдастырылды.⁣⁣⠀Соңғы қоңырау мерекесімен мектеп қауымдастығын алғашқы болып мектеп директоры Сауле Умербекова құттықтады. Жыл жетістіктеріне көз жүгіртіп, оқушыларға жылы лебізін білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі. Мектеп басшысы жалпы білім беретін пәндерден Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша NIS Ақтөбе «Үздік олимпиадалық мектеп – 2022» атанғаны барлық мектеп қауымдастығының ортақ жеңісі екенін атап өтті.

Осы оқу жылында білімде, ғылымда, спортта, өнерде топ жарған оқушылар марапатталды. Физика пәні бойынша желілік олимпиаданың бірнеше дүркін жүлдегері, Республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы және Авторлық құқық куәліктері иегері, әрі суретші Арман Жалғасбаев «Жыл оқушысы» атанды. «Жыл шаңырағы» атағы «Желкен» шаңырағына берілді. Орыс тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Айгуль Мынжасарова «Жыл мұғалімі» атағына ие болды.

Мектепке алғысы ретінде «Жыл оқушысы» атанған Арман Жалғасбаев сүйікті физика кабинетіне өз қолымен салған атақты физиктердің суреттерін сыйға тартты.
Салатанатты шара қазақ халқының біртуар тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Роза Бағланова, Мұхтар Әуезов жайлы театрландырылыған қойылыммен сүйемелденді. Кейін мектеп оркестрі «Адай» күйін ойнап, домбыраның үнін асқақтатты. Сап-түзеу дәстүрлі түлектер вальсімен жалғасып, 12-сынып оқушысы ата-анасымен бірге әдемі әннен шашу шашты.
Жиыннан кейін кітапханада мектеп түлектерінің NIS Alumni қауымдастығы тұңғыш рет зияткерлік ойын ұйымдастырды. ⁣⁣