Ақтөбе қаласындағы NIS-те шығармашылық шеберханасы жұмыс істейді

Ақтөбедегі NIS-те өнер және қосымша білім беру мұғалімдері Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан келген 100 балаға арналған шығармашылық кеңістік құрды. Өнертанушылар мен хореографтардың басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастырып, дамыту ғана емес, жасөспірімнің жан дүниесін биік адами құндылықтармен сусындату.

Шеберлік сабақтарда IQanat хакатонының қатысушылары портреттік сурет салуды үйренді. 9-сынып оқушылары параққа сурет салу ережелерін, бет-әлпеттің анатомиялық ерекшеліктерін меңгерді, сонымен қатар беттің формаларын атап көрсету арқылы тұлғаның табиғи сипатын беруге үйренді. Зияткерлік мектептің мүсін үйірмесінің жетекшісі Алмаз Елеуов IQanat оқушыларының кейбірі штрихтар салып, сәуле мен көлеңкенің үйлесімділігін меңгергенін атап өтті.

– Маған сабақтың ауқымы ұнады, бұл әркім үйренуі керек нәрсе. Бұл тамаша жұмыс болып шықты, мен алғаш рет адамның бет-әлпетінің пропорцияларын зерттедім, сол арқылы портрет сала алдым. Әдетте натюрморттарды салатынмын, өйткені адам салудан қашатынмын, бірақ мұғалімнің көмегімен портрет салуда нәтижеге қол жеткіздім, – дейді Ақтөбе облысы, Аққұдық ауылынан келген Сымбат Қыдыралы.

Ақтөбе облысы Темір ауданынан келген Айбол Мыңбаев бұрын сурет салумен айналыспағанын, пропорцияларды бөлшектеп, өлшеуді кеше ғана Алмаз Елеуовтың шеберлік сабағында үйренгенін мойындады:

– Мен анимелерді көп көремін, сондықтан өз стилім болуы үшін әрқашан анимені өнердің қандай да бір түрімен үйлестіргім келетін. Енді мен осымен жұмыстанамын, өйткені кешегі сабақта маған қай бағытта қозғалу керектігін түсіндім.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ильсияр Казакова өткізген шеберлік сабағында әр қатысушы алақанының сызбасын сызып, кейін оған декоративті дизайн ойлап тапты. Жұмыс құрғақ материалдармен, қарындаштармен, борлармен және фломастерлермен орындалды. Суретші қонақтарға таңдаған тақырыпта шығармашылық пен абсолютті еркіндікке енуге мүмкіндік берді.

Шығармашылық шеберханасында тағы бір сурет үйірмесі болды. Өнер мұғалімі Сәуле Қарасаева арт-терапия жүргізді. 9-сынып оқушылары «Зентангл» әдісі арқылы өздерінің тотемдік жануарын жасады. Өнертанушы бұл қағаз бетіне шексіз салына беретін ерекше сурет салу әдісі деп түсіндірді.

Форум бағдарламасы ақпараттық технологиялар бойынша түрлі тренингтерге толы, оған қатысушылар компьютерде көп уақыт өткізуге мәжбүр. NIS хореографының би флешмобы – көтеріңкі көңіл-күй және достық атмосферасын құру үшін қолайлы шара. Күн сайын Зердегүл Үркімбаеваның динамикалық биі хакатондағы қатысушыларды сергітіп, бір команда екендерін сезінуге көмектеседі.