Ақтөбе NIS-те қазақ тілі мен әдебиетін насихаттау айлығы аясында жергілікті ақындармен кездесу өтті.

Ақтөбе қаласы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін насихаттау айлығы өтуде. NIS-тің «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары» жобалары негізінде және қазақ тілінің айлығы аясында бүгін «Өңірін өлеңімен өрнектеген» атты жергілікті ақындармен кездесу өтті.

 

Қазір Ақтөбеде үлкен әдеби орта бар. Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі Ақтөбе өңірінің рухани мұратына қызмет етіп жүрген қалам қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруды, олардың өнегелі өмір жолдарын үлгі етуін көздейді. Осы орайда поэзияның көрнекті өкілдері, жергілікті ақындар Мейірхан Ақдәулетов, Ертай Ашықбаев, Гүлімай Әбішқызы, Оралбай Кәметияұлы, Есенбек Жұмағалиев пен Жомарт Баймұхан кеш қонақтары ретінде шақырылды.

 

Кездесу мектептің «Ақжелең» домбырашылар ансамблінің орындауында Н. Тлендиевтің «Жекпе жек» күйінен басталды. «Өңірін өлеңімен өрнектеген» атты жергілікті ақындармен кездесу кешінің алғы сөзі мектеп директоры Сәуле Умербековаға берілді.

 

  • Мен өмір жолымда Мейірхан аға сияқты ақылын аямайтын ақын ағалар жолыққанын мақтан етемін. Кезінде бұл кісілердің айтқандарын ойға түйіп, өмірлік философияма айналдырып алдым. Мектеп оқушылары да бүгінгі ғибратты кездесуден ерекше әсер алса екен, – деді Зияткерлік мектеп басшысы.

 

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары» жобалары негізінде оқушыларға өңірлік ақындардың поэзиясымен танысу мақтасында рухани  кездесулер жиі ұйымдастырылады. Ақындық қолтаңбасы бір-біріне мүлде ұқсамайтын, әрқайсысы әр түрлі мектептің мықты өкілі болып саналатын ақтөбелік шайырлармен жүзбе-жүз сұхбаттасудың сәті түскенде оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.

   Әдеби кеш қонағы – «Құрмет ордені» иегері, ақын, аудармашы, публицист Мейірхан Ақдәулетов қазақ халқының төл өнері жайында тарихи деректерге толы тағылымды әңгімелерін айтып, балалардың білім көкжиегін кеңейтті. Ақындық өнердің қаншалықты қиын екенін сұраған Зияткерлер Мейірхан ағадан жауап ала алды.

  • Тек қана өлеңмен өмір сүру өте қиын. Себебі олар шындықты жырлап, ақиқатты тура айтады. Оған мысал – өмірден ерте озғанталантты ақындар, қазақ поэзиясының жарқын жұлдыздары Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаевтар, – деді Мейірхан Ақдәулетов.

 

Зияткер оқушылар білімге ғана құштар емес, сонымен қатар өнерге, сөз патшасы өлеңге де жақын. Сырлы сөздің қадірін түсінеді, бағалайды. Интеллектуалдық поэзияның көрнекті өкілі Мейірхан Ақдәулетұлының жырларынан бастап оқушылар мен ұстаздар қонақ ақындардың өлеңдерінен оқыды.

 

Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының мүшесі Оралбай Кәметияұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, онын ішінде жергілікті ақындардың халыққа қалдырған мол мұрасы туралы әңгіме өрбітті.

 

  • Қазақ эпосының дені Ақтөбе өңірінде қалыптасты деп айтсам болады. Оған дәлел – Қобыланды бабамыздың сүйегі осында жатуы. Сондықтан «Қобыланды батыр» жыры осы жақта шыққан шығар деп ойлаймын. Сол сияқты «Айман-Шолпан» жырындағы басты кейіпкер Есет Көтібарұлы да осы өңірдің батыры. «Қыз-жібек» жырындағы Жібек шектінің қызы болса, Төлеген Ақтөбе облысындағы Ор өзенің бойлаған Жағалыбайлының ұлы. Жазба әдебиетінің негізін салған Әбубәкір Кердері де осы жақтың тумасы. Қарап отырсақ сол жырлардың барлығы Ақтөбеден бастау алған, – деген ойға келді ақын Оралбай Кәметияұлы.

 

Кейін Зияткер оқушыларының сұрауымен өзінің туған жері Баянөлгейге арнаған сағынышқа толы өлең шумақтарын оқып берді.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жас ақындардың жанашыры, ақын Гүлімай Әбішқызы бала күнінде өлеңді жасырын шығарып, тек құрбыларының арасында оқитындарын есіне алды. Қазір мектепте поэзияға жақын оқушылар болса, ұялмай, әрі қарай дамытуға кеңес берді. Гүлімай Әбішқызы өлең шығаратын Зияткерлерді «Рухнама» шығармашылық орталығына шақырды.

 

  • Зияткерлер ғимаратына кіріп келгенде керемет шалқыған күйдің ортасына түстік. Содан бұл балалардың тек ұшқыр ойлы, пәндерді игерген ғана емес, сонымен қатар дәстүрімізді, салтымызды, оның ішінде ұлттық аспабымыз домбыраны жақсы меңгергенін, би өнеріне де көп мән беретінің байқадым, – деген пікір айтты сұхбатында Гүлімай ханым.

 

Ақын аға-апаларының ақ батасын алу үшін жас ақындардың жауқазын жырларына да кезек берілді. 12-сынып оқушысы Айымгүл Ахонғалиева өзінің «Алмасады күндер түнмен» өлеңін, ал 11-сынып оқушысы Лунара Булатова «Туған елім» өлеңін оқып берді.

Өлеңдері Республикалық «Жастық- жалын жыр» және Ақтөбе облыстық «Ақ айдын» антологиясына енген ақындар Есенбек Жұмағалиев және Жомарт Баймұхан да өз өлеңдерінен оқып, естеліктерімен бөлісіп, Зияткерлерге жылы лебіздерін білдірді.

Кеш сонында мектеп директоры қадірлі қонақтарға алғысын білдіріп, оқушылардың өз қолынан шыққан туындыларын сыйға тартты. Мейірхан Ақдәулетов Зияткерлік мектеп кітапханасына жергілікті ақын-жазушылардың еңбегі басылған «Ақтөбе кітапханасы» деп аталатын 50 томдық шығармалар жинағын тарту етті.