«Ақтөбе» ФК ойыншылары NIS оқушыларымен кездесті

«Ақтөбе» футбол клубының жергілікті футболшылары Әділхан Таңжарықов пен Максим Самородов және легионерлер Уго Видемон мен Рожерио Шина NIS Желілік спартакиада қатысушыларына шеберлік сағатын өткізді.⁣
Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп спортзалында өткен басқосуда оқушылар ойыншылармен сөйлесіп, өз сұрақтарына жауап ала алды.
– Мен кәсіби футболшылармен ойнаймын деп ешқашан ойламаппын. Бес дүркін ел чемпиондарымен футбол ойнағаным мен үшін ерекше қуаныш әрі мақтаныш. Мен тіпті оларға сыйлық беру құрметіне ие болдым, – деп қуана хабарлады атыраулық оқушы Әмір Тайбағар.

Артынша Видемон және Шина бастаған жігіттер кедергілер арқылы өтіп, қақпаға соққы бағыттау бойынша балаларға шеберлік сағатын паш етті. Кейін жас өрендермен араласып, екі командаға бөліну арқылы жолдастық матч ойнады. Самородов пен Таңжарықовтың командасы жеңіске жетті.
Кездесу соңында мәз-мейрам болған оқушылар футболшылармен естелік фотоға түсіп, өз қолдарынан шыққан суреттерін тарту етті.