Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшысы Зияткерлермен кездесуде

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ерекше кеш өтті. Мектеп оқушылары еліміздің мақтанышы – хром кенінің сапасы бойынша дүниежүзінде №1 алатын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшысы Жалгасбай Мусабековпен кездесті. Балқыту зауытынан кәсіпорын басшысына дейін жеткен тұлғамен жүздесу әсіресе оқушылар үшін әсерлі болды.

– Сіздің мектепте білім алатын балалардың дені – ертеңгі еліміздің әр салада дамуына үлес қосатын шәкірттер. Біздерге интеллектуалды ғылым саласының мамандары тапшы. Араларыңызда болашақ мықты мамандар отыр деп сенемін. – деді Жалгасбай Мусабеков.

Мектептің шақыруын ыстық ықыласпен қабылдаған Жалғас мырза кездесуде Зияткерлерге ағалық ақылын айтып, алдағы өмірлеріне ерік-жігер берді. Соғыс кезінен бастау алған ферроқорытпа зауытының тарихымен, геологиялық барлау, тау-кен өндіру және қайта өңдеу, металл өнімдерін өндіру секілді жұмыс кезеңдерін айтып, металлургиялық кәсіпорынының тынысымен таныстырды.

Балалар «Оқуға түскенде металлургияны таңдауға өз ынтаңыз болды ма?», «Сіздің өміріңізде мамандық таңдауға әсер еткен адам бар ма?», «АФЗ жұмысы біздің қаламыздың экологиясына қаншалықты зиянын тигізеді?», «Сіздің өміріңіздегі ең маңызды жетістігіңіз?», «Жас мамандарға қалай қолдау көрсетесіз?», «Балаларыңызға осы салада жұмыс істеуге кеңес берер едіңіз бе?», «Зауыт басшысы ретінде сіздің міндеттеріңіз қандай?» деген сұрақтар қойды. Оқушылар зауыт басшысынан толық жауаптар ала алды.

– Зауыт басшысы тұйық, сұсты, қатаң адам болады деп елестеттім. Шын мәнінде Жалғас мырза бізді өзінің ашық, жайдары мінезімен таң қалдырды. Оның сұрақтарға жауап бергені, жұмыс барысындағы қызықты оқиғалары мен жауапкершілікті қажет ететін істері маған ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар оның сөздері болашақта қарапайым, стандартты емес креативті шешімдер қабылдауға ой тастады, – деп бөлісті Айсұлу Шақыраева, 10-сынып оқушысы.

Кеш қонағы көңілінен шыққан сұрақ авторларына қонақкәде жасауды да ұмытпады. Мектеп директоры Сауле Умербекова оқушылардың қолынан шыққан өнер туындысын естелікке тарту етті. Шара естелік фотоға түсумен қорытындыланды.