Актөбеде футзалдан Желілік спартакиада басталды

Ақтөбеде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-8-сынып оқушылары арасында футзалдан IIІ Желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі басталды. Жалпы саны 4 қалада өтіп жатқан спорттық шараға 344 Зияткер оқушылар қатысуда.

Зияткер ұлдар мен қыздар арасындағы дәстүрлі спартакиада биыл үшінші рет жалауын желбіретуде. NIS Ақтөбе қабырғасында бастау алған аймақтық кезеңде Қостанай, Орал, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларынан барлығы 80 оқушы қатысып, өзара бақ сынасады.
Спартакиаданың ашылу салтанатында спортшылар шеру жасап, мемлекеттік гимнді орындады. Алғашқы құттықтау сөзі мектеп директоры Сауле Умербекова мен спартакиада қонағы Назарбаев Зияткерлік мектептері дамыту департаментінің менеджері Бибигул Мукалыковаға берілді. Директор спорттық шараның маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Спартакиада – мақсаттылыққа, жеңіске деген ерік-жігерге, жұмыс нәтижесіне жауапкершілікке тәрбиелейтін шын мәніндегі ауқымды шара. Бұл дағдылардың барлығы балалардың салауатты өмір салтын ұстануына көмектеседі, – деді мәртебелі мейман.