Айдана Айтөре «Туймаада – 2022» қоласын жеңіп алды

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Айдана Айтөре физика пәнінен халықаралық «Туймаада – 2022» олимпиадасында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

Олимпиада екі форматта онлайн және офлайн кезеңдерінде өтті. Күндізгі формата жыл сайын Саха Республикасында, Якутск қаласында өтеді. Алайда Қазақстандық қатысушылар қашықтан қатысуға мүмкіндік алған. Олимпиада жас ерекшелігіне қарай екіге бөлінеді: кіші және жоғары лига. Ақтөбедегі NIS мектебінен кіші лигаға Айдана Айтөре мен Дидар Жұрынтаев қатысты.

– Биылғы жылы олимпиаданың форматы сәл өзгеше болды. Яғни, олимпиада бір теориялық турдан тұрды, дегенмен әдетте физикадан эксперименттік тур да болады. Бұл менің халықаралық олимпиадаға басқан алғашқы қадамым және жақсы нәтиже көрсету үшін әлі де көп жұмыс істеу керек екенін түсіндім, – деді жүлдегер оқушымыз.

– Олимпиадаға Айдана жүйелі түрле дайындалды. Үш айда сан түрлі есептерді шығарып, теориялық білімін толықтырды. Ал Дидарға қолаға аздаған балл жетпей қалды. Ресей, Румыния, Сингапур, Иран, Индонезия, сынды алпауыт елдердің мықты оқушыларымен жарысқан шәкірттеріммен мақтанамын. – дейді зияткерлердің жетекшісі Мират Оспанов.

Ресейдің Якутск қаласында қашықтық форматта өткен жарысқа 130 қазақстандық оқушы қатысты. Олимпиада математика, физика, химия және информатика пәндері бойынша өтті. Олимпиаданың мақсаты – оқушылар мен жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуды ынталандыру, фундаментальды ғылымдармен айналысуға тарту, халықаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынасты дамыту.

Тарихы 1994 жылдан бастау алатын Олимпиадаға Қазақстан құрама командасы 2004 жылдан бастап қатысып келеді.