Әлішер NIS Ақтөбе тарихында Халықаралық Жәутіков олимпиадасының физикадан алғашқы жүлдегері

XVIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы (IZhO) қорытындысы бойынша Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «D» класс оқушысы Әлішер Еркебаев физика пәнінен күміс медаль жеңіп алды. Әлішердің есімі мектеп тарихында физикадан Жәутіков, «Туймаада», Әл-Ферғани атындағы Халықаралық және Республикалық пәндік, желілік олимпиадалардың алғашқы жеңімпазы ретінде қалады.

Оқушысының жеңісін жетекшісі Мират Оспанов межелеген мақсатына жетпей қоймайтын қасиетінің арқасында екенін атап өтті.

  • Әлішердің ұстазы болғанымды мақтан етемін. Ол көптеген физика олимпиадаларының шыңына шықты, өзінің аса зор еңбегінің нәтижесінде мектебіміздің болашақ олимпиадашыларына жол ашты. Олимпиадада жеңіске жету тек білімге байланысты деп ойлайтындар қателеседі, олимпиада – бұл ең алдымен мінез, күш пен жігердің мықтылығы, – деді НЗМ физика пәні мұғалімі Мират Оспанов.

Олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Республикалық физика-математика мектебінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 16-23 ақпаны аралығында математика, физика және информатика пәндері бойынша өткізілді. Биылғы жылы олимпиада жеңімпаздары қазақстандық жоғары оқу орындарының білім гранттарын, атап айтқанда Астана IT университеті мен ҚБТУ гранттарын ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.

Әлемнің 21 елінен 1178 оқушы қатысқан білім додасында еліміздің намысын абыроймен қорғаған оқушыларымыз Әлішер Еркебаевты, Сұңқар Болат пен Мәлік Төлегендерді, олардың ұстаздары және ата-аналарын құттықтаймыз. Дарынды шәкірттерімізге білім биігін бағындыра беріңіздер деп тілек білдіреміз.