Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары халықаралық IELTS емтиханында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Тілдік тестілеуге жалпы саны 112 оқушы қатысып, олардың ішінде 5 оқушы – 8.0, 19 оқушы – 7.5, 40 оқушы – 7.0 ұпай жинады. Жалпы мектептің орташа көрсеткіші – 6.7 ұпай.
Емтиханды тапсырушы 12 сынып оқушыларының арасында ең жоғары 8.0 ұпайды жинаған оқушыларымыздың қатарында 12 «А» сынып оқушысы Едрес Есет, 12 «С» сынып оқушылары Алдекен Нұр, Ермеков Бекет, 12 «D» сынып оқушысы Хамиева Меруерт, 12 «E» cынып оқушысы Еркингали Мира.
12 «E» cынып оқушысы Еркингали Мира емтиханның тыңдалым және оқылым дағдысы бойынша ең максималды 9.0 ұпай иеленді. Осы ретте Мира және оның сыныптастары мектебіміздің қоғамға қызмет ету әлеуметтік жобаларының аясында @khan_bilim парақшасы арқылы оқушыларға IELTS емтиханына дайындық бойынша пайдалы ақпараттармен бөлісіп жүргендігін атап өтуге болады.
«Мектептегі сабақтардың басым көпшілігі ағылшын тілінде өткендіктен және осы тілде сөйлейтін блогерлер мен әртүрлі тақырыптағы подкастар тыңдағандықтан Listening (Тыңдалым) бөлімі мен үшін оңай болды. Reading (Окылым) мен үшін ең қиын бөлім болды десем қателеспеймін. Себебі алғашында нәтижелерім төмен болған еді, кейін бірнеше сынақтарды қайта тапсырып, жазу барысында детальды қатемен жұмыс жасау арқасында жоғарғы көрсеткіштерге ие болдым деп ойлаймын. Ең бастысы мақсатқа жету жолында табанды болу қажет”, -деп бөлісті 12 «С» сынып оқушысы Ермеков Бекет.
«IELTS бұл өте күрделі емтихан, ол максималды концентрация мен көп практиканы қажет етеді. Мен және менің мұғалімдерім writing бөліміне көп уақыт бөлдік, өйткені әр түрлі жазу стильдерінің барлық қыр-сырын білу керек. Қосымша қаламыздағы тіл оқыту орталықтарына да бардым. Жарты жыл ішінде мен тест құрылымын толықтай түсініп және алған білімімді іс жүзінде қолдандым», – дейді 12 “D” cынып оқушысы Меруерт Хамиева.