Бүгін Ақтөбедегі NIS-те шахматтан «Ход Королевы» турнирі өтті. Шара Халықаралық әйелдер күніне орайластырылды. Әйелдер арасындағы мерекелік турнирге кез келген деңгейдегі және жастағы шахматшылар шақырылды.
Қатысушылар швейцариялық жүйе бойынша 5 турдан өтті. Ойындар, әр қадамды ойлау, ерекше шешімдер және ең бастысы – стратегия. Шахмат турнирі ерекше қызығушылықпен – тартысты өтті. Өйткені, жеңімпаз мектеп директорымен бәсекеге түсіп, арнайы жүлдені ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.
– Оқытушылар мен студенттер арасындағы турнир қызу әрі қарқынды өтті. Жарыстың мақсаты – мектеп намысын қорғап жүрген дарынды шахматшыларды анықтау ғана емес, ұстаздар мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жақсарту, – дейді шараның ұйымдастырушысы, куратор Әйгерім Мықтығұлова.
«Ход Королевы» турнирінің 19 қатысушысы арасында 9-сынып оқушысы Аягөз Ілияс үздік деп танылды. 7-сынып оқушысы Аяғанова Алуа ІІ орынды, 8-сынып оқушысы Амина Құрманғалиева ІІІ орынды иеленді. Аягөзге мектеп директоры Сәуле Умербекова арнайы сыйлық – шахмат фигурасы Ханшайым бейнеленген алтын сырғалар табыс етті. Турнирдің бас жүлдесі – Қазақстанның атақты зергері Болат Атраубаевтың туындысы.