Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде жетінші сынып оқушыларының Зияткерлер қатарына қабылдау мерекесі өтті. Биылғы оқу жылында жетінші сыныпқа қабылданған 154 зияткер жақсы оқып, NIS оқушысының абыройына нұқсан келтірмеуге салтанатты түрде ант берді.⠀
⠀
Шара жетінші сынып оқушыларының өнерінен бастау алды. Кеш қонақтары талантты жас әншілер мен бишілерді, күйшілер мен өнерпаздарды тамашалады. Жаңадан келген NIS студенттері таланттарымен таң қалдырды. 7А сыныбы сахнада қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл толуына орай «Анаға хат» көрінісін қойды.⠀
⠀
Мейірімділік пен достықтың алаңына айналған бұл шарада жетінші сынып оқушылары NIS атты үлкен, тату отбасының толыққанды мүшелері атанды. Зияткерлік мектеп қауымдастығында әрбір адам қамқорлық пен сенімділікті сезінеді, үнемі ізденісте дамиды, жаңашылдыққа әуес болып, жоғары жетістіктерге ұмтылады. ⠀
⠀
Ағымдағы оқу жылында балалар бір-бірімен, ұстаздарымен танысты. Сондай-ақ мектеп ережелері, оның тарихы мен дәстүрлері туралы білді. ⠀
⠀
Мереке соңы – салтанатты ант беру сәтінде жетінші сынып оқушылары адал және әділ болуға, жақсы оқуға және ешқашан NIS оқушысының биік абыройына нұқсан келтірмеуге уәде берді. Мектеп президенті балаларға NIS логотипі бейнеленген шарф тағып, кіші жолдастарына жылы лебізін білдірді.